Ресей Украинаға жаппай шабуыл жасады. Киев пен Львовта адам шығыны бар

138
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/QomZ4FInQOecJCGY64d7ZshIvclKzgdCWbIZmFMb.webp

Фото: t.me/DSNS_KYIV

Ресей әскері 20 қарашаға қараған түні Украина аумағына жаппай зымыран мее дрондар арқылы шабуыл жасады. Киевте Днепр өзені арқылы өтетін үш көпір зақымданып, жеті адам қаза тапты. Львов қаласында тағы екі адам көз жұмды. Шабуыл салдарынан бірқатар өңірде тұрғын үйлер, энергетикалық және көлік инфрақұрылымы бүлінді. Бұл туралы ВВС жазды, деп хабарлайды “Адырна”.

Украина президенті Владимир Зеленскийдің мәліметінше, Ресей әскері түнде және таңертең ел аумағына 400-ден астам дрон мен 110-нан астам зымыран ұшырған. Оның ішінде 27-сі баллистикалық зымыран болған.

Зеленский бұл шабуылды соңғы уақыттағы ең ауқымды соққылардың бірі деп атады. Оның айтуынша, зымырандар бірнеше топпен, араға 20–30 минут салып ұшырылған.

Украина Қарулы күштері Әуе күштерінің хабарлауынша, таңғы сағат 10:30-ға дейін 462 әуе нысаны атып түсірілген немесе залалсыздандырылған. Дегенмен 23 жерде зымырандар мен шабуылдаушы дрондардың нысанаға тигені тіркелген.

Шабуылдың негізгі нысаналарының бірі Киев қаласы болды. Қала мэрі Виталий Кличконың мәліметінше, ел астанасында жеті адам қаза тауып, 16 адам жарақат алған.

Түнгі шабуыл кезінде Днепр өзені арқылы өтетін Подольско-Воскресенский, Дарницкий және Оңтүстік көпірлер зақымданған. Подольско-Воскресенский көпірінде оң жағалаудан сол жағалауға қарай көлік қозғалысы тоқтатылды. Ал Оңтүстік көпірде бұрын енгізілген шектеулер сақталып отыр.

Сондай-ақ Киевтің бірқатар ауданында электр қуаты үзілген. Қаладағы стратегиялық инфрақұрылым нысандарының бірі, су бұру жүйелері мен коммерциялық ғимараттар да зақымданған. Қаза тапқандардың арасында «Киевводоканал» кәсіпорнының үш қызметкері бар.

Қала билігі тұрғындарды жеке көлікпен жүруді шектеп, мүмкіндігінше қашықтан жұмыс істеуге шақырды.

Ресей Қорғаныс министрлігі Киев пен облысындағы шабуылдар әскери техника мен қару-жарақ тасымалдауға пайдаланылатын көпірлерге, сондай-ақ дрондар, «Фламинго» қанатты зымырандары мен жарылғыш заттар шығаратын кәсіпорындарға бағытталғанын мәлімдеді.

Украинаның батысындағы Львов қаласы да шабуылға ұшырады. Қала мэрі Андрей Садовойдың хабарлауынша, қаланың батыс бөлігіндегі «Скнилов» теміржол станциясының билет кассалары орналасқан ғимарат қираған.

Салдарынан екі адам қаза тауып, тағы 10 адам ауруханаға жеткізілген. Олардың екеуінің жағдайы ауыр.

Бұдан бөлек, жатақхана мен қойма ғимаратында өрт шыққан. Қала маңындағы энергетикалық инфрақұрылым нысаны зақымданған. Шабуылдан кейін Львов пен облыста электр қуатын авариялық өшіру кестесі енгізілді.

Ресей Қорғаныс министрлігі шабуыл нысаналарының қатарында электр қосалқы станциясы мен Львов авиациялық зауыты болғанын хабарлады.

Днепропетровск облысындағы Жёлтые Воды қаласында бес қабатты тұрғын үйге соққы жасалған. Облыстық әскери әкімшілік басшысы Александр Ганжаның мәліметінше, екі әйел мен екі ер адам ауруханаға жеткізілген. Құтқарушылар олардың екеуін өртеніп жатқан пәтерлерден алып шыққан.

Кривой Рог қаласында инфрақұрылым нысандары мен жанармай құю станциясы зақымданған.

Харьков қаласының Шевченко ауданындағы ауруханаға жасалған шабуылдан төрт адам жарақат алып, ғимараттың 50-ден астам терезесі сынған. Таңертең осы аудандағы тұрғын үй кешеніне де соққы тиген, алайда адам шығыны тіркелмеген.

Одесса облысында энергетикалық нысанның зақымдануы салдарынан 40 мыңнан астам тұтынушы жарықсыз қалған. Житомир облысында көлік және өнеркәсіп инфрақұрылымы бүлінген.

Украина премьер-министрі Сергей Корецкийдің мәліметінше, Киев, Николаев, Одесса және Чернигов облыстарындағы кәсіпорындар, сондай-ақ бірнеше өңірдегі тұрғын үйлер зақымданған.

Соңғы айларда Ресей Украина энергетикасына бағытталған жаппай шабуылдарын жиілетті. Бұған жауап ретінде Украина қазан айының соңынан бастап Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына соққыларын қайта күшейткен. Украина Қарулы күштерінің Бас штабы Ресейдегі бес ірі мұнай өңдеу зауытына зақым келгенін мәлімдеді.

АҚШ президенті Дональд Трамп екі тарапты энергетикалық нысандарға шабуыл жасауды тоқтатуға шақырып, «энергетикалық бітім» бастамасын ұсынған болатын. Алайда Ресей бұл ұсынысты қабылдамаған.

Ресей президенті Владимир Путин Қытайдағы баспасөз мәслихатында Қырым көпіріне жасалған шабуылдарға байланысты Украинаға жауап соққылары жалғасатынын мәлімдеді.

Ал 10–11 қараша күндері Абу-Дабиде Ресей, Украина және АҚШ делегациялары арасында үшжақты келіссөздер өткен еді. Кездесудің негізгі нәтижесі әскери тұтқындарды ауқымды көлемде алмасу туралы уағдаластық болды.

Қазіргі уақытта америкалық тарап бейбіт келіссөздерге Еуропа өкілдерін де қатыстыру мәселесін қарастырып жатыр. Путин Ресейдің дипломатиялық арналар арқылы Еуропа елдерін Мәскеуге шақырғанын айтып, одан кейін Украинамен диалогтың келесі форматы айқындалатынын жеткізді.

Комментарии
Другие материалы