Бүгін, 23 қарашада Бельгия әуежайларында барлық әуе рейсі тоқтатылады. Бұған федералдық үкіметтің үнемдеу саясатына қарсы ұйымдастырылған жалпыұлттық ереуіл мен наразылық шеруі себеп болып отыр, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Әуе қозғалысын басқару қызметін көрсететін Skeyes компаниясының мәліметінше, наразылық акциясына қызметкерлердің қатысуына байланысты әуе диспетчерлері қызметінің қалыпты жұмысын қамтамасыз ету мүмкін болмайды.
Елдегі әуе қозғалысы жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-ден 21:00-ге дейін тоқтатылады. Алайда шұғыл жағдайларға арналған және қауіпсіздік тұрғысынан аса маңызды рейстерге қажетті ең төменгі қызмет көрсету деңгейі сақталады.
Брюссель әуежайы өкілінің мәліметінше, дүйсенбі күні 429 жолаушылар рейсі жоспарланған. Бұл рейстермен жалпы саны 59,5 мың адам ұшуы тиіс болған.
Әуе компаниялары мен тиісті ұйымдарға әуежайлардың жұмысына ықтимал өзгерістер енгізілетіні туралы алдын ала хабарланған. Жолаушыларға рейстеріне қатысты толық ақпарат алу үшін тікелей әуе тасымалдаушыларына хабарласу ұсынылған.
Бельгияның Фламанд аймағындағы қоғамдық VRT телерадиокомпаниясының айтуынша, елдегі үш ірі кәсіподақ Барт де Вевер үкіметі билікке келгеннен бері 11-рет жалпыұлттық ереуіл ұйымдастырмақ.
Кәсіподақтар федералдық үкіметтің мемлекеттік шығындарды қысқарту жоспарына қарсы. Олар билікпен келіссөздер барысында өз талаптарына назар аударту үшін қысымды күшейтуді көздеп отыр.
Наразылық шеруіне қатысушылар жергілікті уақыт бойынша сағат 10:00-ден бастап Брюссельдің Солтүстік вокзалы маңына жиналады. Сағат 10:30-да сөз сөйлеу жоспарланған, ал 11:00-де шеру басталады.
Ереуіл мен наразылық шеруіне байланысты Фламанд аймағында қоғамдық көлік қозғалысында елеулі іркілістер болуы мүмкін.
Фламанд аймағының De Lijn көлік компаниясы дүйсенбі күні автобус пен трамвай рейстерінің шамамен 40 пайызы орындалмайтынын хабарлады.
Брюссельдің MIVB көлік компаниясы да дүйсенбі күні қоғамдық көлік жұмысы айтарлықтай бұзылуы мүмкін екенін ескертті.
Мәселе тек көлік қызметкерлерінің ереуілге қатысуына байланысты емес. Наразылық шеруінің бағыты да қоғамдық көлік желілерінің жұмысына әсер етуі ықтимал. Шеру өтетін аумаққа жақын бағыттарда көліктер кешігуі немесе рейстер тоқтатылуы мүмкін.
Қалдықтарды басқаруға жауапты Брюссельдің Net Brussel ұйымы да көптеген муниципалитетте қоқыс шығару жұмысы бұзылуы мүмкін екенін ескертті. Ұйым тұрғындар мен кәсіпкерлерді қоқыс пакеттерін әдеттегі кестеге сәйкес көшеге шығаруға шақырды.
Жалпыұлттық ереуілдің балабақшалар мен муниципалдық қызметтердің жұмысына әсері әр муниципалитетте әртүрлі болады деп күтілуде.
Фламанд аймағындағы қалалар мен муниципалитеттер қауымдастығының (VVSG) мәліметінше, әсіресе муниципалитеттерге қарасты балабақша қызметкерлерінің ереуілге қосылуға дайындығы жоғары.
