Жаңа жылдан бастап бала күтіміне берілетін әлеуметтік төлемді алу тәртібі өзгереді

103
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/WUnHJHdfziJKgJYDUkIpstm10y2U5SncP7U5Z3kE.webp

Фото: gov.kz

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем тағайындау тәртібіне өзгерістер енгізіледі, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Енді төлемді тек баланың анасы немесе заңда көзделген жекелеген жағдайларда оның заңды өкілі рәсімдей алады. Сондай-ақ ана жұмысқа шыққаннан кейін де әлеуметтік төлем алу құқығын сақтайды.

Бұл туралы ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін қолдау міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысатын, яғни өзі үшін әлеуметтік аударымдар жүргізілген аналарға беріледі. Төлем бала туған күннен бастап сәби бір жарым жасқа толғанға дейін ай сайын төленеді. Егіз немесе одан да көп бала дүниеге келсе, төлем әр балаға жеке тағайындалады.

Әлеуметтік төлемнің мөлшері баланың туғанына дейінгі соңғы екі жылдағы орташа айлық табыстың 40 пайызына тең. Есепке алынатын табыстың ең жоғары шегі жеті ең төменгі жалақыдан аспауға тиіс. 2026 жылы бұл көрсеткіш 595 мың теңге болса, 2027 жылдан бастап 770 мың теңгеге дейін ұлғаяды.

Егер есептелген әлеуметтік төлем мөлшері мемлекеттік бюджеттен берілетін бала күтімі жәрдемақысынан төмен болса, Қор төлемді жәрдемақы деңгейіне дейін толықтырады. Қор мәліметінше, осы тетік аясында 2 миллионнан астам әйелге қосымша төлем берілген. Оған бағытталған қаражат көлемі 312 миллиард теңгеден асқан.

Сонымен қатар бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемнен 10 пайыз мөлшерінде міндетті зейнетақы жарналары ұсталып, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жеке шотқа аударылады.

Төлемді рәсімдеу үшін құжат жинаудың қажеті жоқ. Бала тууы тіркелгеннен кейін ақпараттық жүйе төлем алу құқығын автоматты түрде тексеріп, анаға SMS-хабарлама жібереді. Бұдан бөлек, өтінішті eGov.kz порталы, екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы онлайн беруге немесе ХҚКО-ға жүгінуге болады.

Министрліктің мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы 10 айында бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемді 504 мың адам алған. Оларға жалпы 287 миллиард теңге төленген. Өтініш берушілердің шамамен 95 пайызы төлемді электронды арналар арқылы рәсімдеген.

Жаңа өзгерістер аналарға бала күтімімен қатар кәсіби қызметін жалғастыруға және сәбиі бір жарым жасқа толғанға дейін әлеуметтік қолдау алуына мүмкіндік береді.

Комментарии
Другие материалы