Фото: JasAlash
Астанада «АлбаСтройДор» ЖШС директоры Сергей Ким Qarmet компаниясының 1,8 миллиард теңгеден астам мүлкін жымқырып, қылмыстық жолмен алынған кірісті заңдастырғаны үшін 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды "Адырна".
Сот үкімімен оның мүлкі де тәркіленеді.
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының мәліметінше, Сергей Ким 2016–2018 жылдары алдын ала сөз байласқан адамдар тобымен бірге өз бақылауындағы бірнеше компания арқылы Qarmet мүлкін жымқыруды ұйымдастырған.
Келісімшарт бойынша «АлбаСтройДор» кәсіпорны Qarmet-тен шлак өңдеу учаскесін жалға алып, түйіршіктелген домна шлагы мен қиыршық тасты ғана сатуға құқылы болған. Алайда компания келісім талаптарын бұзып, Qarmet-ке тиесілі кесек домна қоспасын да үшінші тұлғаларға өткізген.
Бұдан бөлек, 2022 жылы Ким қылмыстық жолмен алынған кірісті заңдастыру мақсатында өзі бақылайтын компания мен сенімді адамы арқылы басқа бір жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің 100 пайыз үлесін сатып алған.
Сот кәсіпкерді аса ірі мөлшердегі ұрлық және қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыру баптары бойынша кінәлі деп таныды. Прокурор оған 6 жыл 8 ай жаза тағайындауды сұраған. Ал Сергей Ким кінәсін мойындамай, өзін ақтауды өтінген.
Сот оның кінәсі куәлардың айғақтарымен, мамандардың қорытындыларымен және іс материалдарымен дәлелденгенін мәлімдеді. Кәмелетке толмаған балаларының болуы жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде ескерілген. Сонымен қатар сот келтірілген залалдың өтелмегенін және қылмыстардың ауырлығын назарға алған.
Үкім бойынша кәсіпкер 8 жыл 6 айға сотталып, мүлкі тәркіленеді. Жәбірленуші тараптың азаматтық талабы да қанағаттандырылды. Әзірге сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
