Өзбекстанда Зиялылар кеңесі құрылды

131
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/nyj3FqmvSmlFkgOzHnCe4A46XeAHXDGNEPW7fHJF.jpg

Өзбекстанда мемлекет пен ғылым, білім, мәдениет және өнер өкілдері арасындағы диалогты жаңа деңгейге көтеруді мақсат еткен Зиялылар кеңесі құрылды. Жаңа бірлестіктің алғашқы отырысы Ташкенттегі Ислам өркениеті орталығында өтті. Бұл туралы 24 қарашада орталықтың баспасөз қызметі жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Іс-шараға республиканың түрлі өңірінен 500-ге жуық ғалым, педагог, дәрігер, инженер, жазушы, ақын, өнер қайраткері, журналист және қоғам өкілі қатысқан.

Отырыстың ашылуында Өзбекстан президенті әкімшілігінің басшысы Саида Мирзиёева сөз сөйледі. Ол зиялы қауымның елдің дамуына, ана тілін және ұлттық бірегейлікті сақтауға, сондай-ақ мемлекеттің рухани дамуының ұзақ мерзімді бағыттарын айқындауға қатысуының маңызын атап өтті.

«Біз объективті пікірлер мен батыл ұсыныстар күтеміз. Кеңес жаңа идеялар алаңына айналады деп сенемін», – деді Мирзиёева.

Өзбекстан Ғылым академиясының президенті Шавкат Аюпов жаңа бірлестіктің қызметін Әмір Темір дәуіріндегі дана әрі білімді адамдармен кеңесу арқылы мемлекеттік шешімдер қабылдау дәстүрімен сабақтастырды.

Ғалым кеңестің алғашқы отырысын Ислам өркениеті орталығында өткізудің де символдық мәні бар екенін атап өтті.

Орталықта Шығыстың көрнекті ойшылдарының мұрасы жинақталған.

«Зиялы қауым – қоғамның көзі, құлағы және ар-ожданы. Халық одан әрдайым шынайы сөз бен дұрыс бағыт күтеді. Еліміздің алдағы даму жолын айқындауда зиялы қауым қоғамның жетекші интеллектуалдық күші ретінде бастамашыл болуы керек», – деп атап өтті Аюпов.

Отырыс барысында профессор Нурсултон Тухлиев кірме шетел сөздері мен терминдеріне өзбек тіліндегі баламаларды іздеу жұмыстарын жандандыруды және Терминологиялық комиссияның қызметін күшейтуді ұсынды. «Тарихи дәруіш» жобасының авторы Нодир Нишонов ғылыми-көпшілік контент жасаушыларға арналған әлеуметтік гранттар тағайындау бастамасын көтерді.

Қатысушылардың басқа да ұсыныстары қатарында көрнекті тарихи тұлғаларға қатысты атаулы күндерді қамтитын «Руханият күнтізбесін» жасау, жекеменшік театрларды қолдау және зиялы қауым өкілдерін махаллаларда (қауымдарда) жастар тәрбиесіне белсендірек тарту болды.

Зиялылар кеңесінің республикалық деңгейдегі алғашқы отырысына дейін Қарақалпақстанда, Өзбекстан облыстары мен Ташкент қаласында кездесулер өткізілді. Оларға екі мыңнан астам зиялы қауым өкілі қатысып, мыңға жуық ұсыныс білдірді.

Іс-шара қорытындысын шығарған Аюпов кеңестің басты міндеті – зиялы қауымның бастамаларын жалпыұлттық даму міндеттерімен үйлестіру және ұсыныстарды нақты практикалық шешімдерге айналдыру екенін атап өтті.

Ислам өркениеті орталығы Өзбекстан астанасында Хаст-Имам кешенінің жанында салынған. Ғимарат ортағасырлық сәулет ескерткіштері стилінде тұрғызылған. Оның биіктігі 34 метр болатын төрт порталы және 65 метрлік орталық күмбезі бар. Мұнда Құран залы, 550 орындық конференц-зал және экспозициялары Өзбекстан тарихын исламға дейінгі кезеңнен қазіргі заманға дейін қамтитын музей орналасқан.

Ислам өркениеті орталығы ата-баба мұрасын зерттеу және оны қазіргі заман тұрғысынан зерделеу алаңына айналуды көздейді. Бұл бағыттағы жұмыстар Өзбекстан халықаралық ислам академиясымен және әлемнің ғылыми-ағартушылық орталықтарымен ынтымақтастықта жүргізілмек.

Комментарии
Другие материалы