Армения Ресей елшісін шақыртып, наразылық нотасын табыстады

1240
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/3MIoESnurZGvQiNWnwTVXXbm5pFl1kTPb7OGdiPJ.jpg

Арменияның сыртқы істер министрлігі Ресейдің Армениядағы елшісін шақырып, ресейлік мемлекеттік БАҚ пен ресми тұлғалардың Армения билігіне қатысты мәлімдемелеріне байланысты қарсылық нотасын табыстады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Armenpress агенттігіне сілтеме жасап. 

Министрлік өкілі Ани Бадалянның айтуынша, ресейлік телеарналарда Армения үкіметіне қарсы жиі айтылып жүрген ашықтан-ашық дұшпандық және кей жағдайда жаулық сипаттағы үгіт-насихат армян қоғамының наразылығын тудырған.

Нота мазмұны көпшілікке ашық түрде жарияланды. Онда Армения билігін қаралайтын тікелей эфирдегі қорлау сипатындағы мәлімдемелер мен шабуылдардың мүлде қабылданбайтыны және бұл әрекеттер жуырдағы жоғары деңгейлі кездесулердің оң нәтижелеріне нұқсан келтіретіні айтылған.

Сондай-ақ, ресейлік бірқатар депутаттардың Арменияда «мемлекеттік төңкеріс жасауға тырысты» деген күдікпен ұсталған тұлғаларға қатысты пікірлері де сынға алынған. Армян тарапы мұны елдің ішкі ісіне араласу және демократиялық құрылымға зиян келтіруге бағытталған әрекет ретінде бағалап отыр.

Армения СІМ Ресей тарапын Арменияға бағытталған бұл тәрізді «дұшпандық көріністерді» тоқтатуға нақты әрі жедел шаралар қабылдауға шақырды.

Айта кетейік, 25 маусым күні Арменияда билікті күшпен басып алуды жоспарлады деген күдікпен бірнеше адам, соның ішінде ресейлік миллиардер Самвел Карапетян ұсталған болатын. Бұл оқиға Ресейде үлкен қоғамдық реакция тудырды. Арменияның СІМ басшысы Арарат Мирзоян бұл ретте Ресей СІМ жетекшісі Сергей Лавровқа Арменияның ішкі істеріне араласпау жөнінде үндеу жасаған.

댓글
기타 기사