Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, жазушы және зерттеуші Мұхтар Мағауиннің топырағы туған жеріне жетті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Қаламгердің ұлы Едіге Мағауин АҚШ-тағы зират басынан алынған топырақты жазушының ата-бабасы жерленген Көпбейіт қорымына әкелді. Бұл қорым Абай облысының Шұбартау өңірінде орналасқан.
«Әкеміздің жатқан жерінен топырақ алып келіп, оның әкесі Мағауия атамыздың, үлкен атасы Құрымбай атамыздың және әкемізді тәрбиелеген Орынбасар шешеміздің қабірлеріне қойдық. Сол сияқты туған жердің топырағы мен жусанын да әкеміздің Вашингтондағы қабіріне апармақпыз», - деді Едіге Мағауин.
Жазушының қолжазбалары мен жеке мұрағаты қазір Вашингтондағы отбасылық үйде сақтаулы. Өмірінің соңғы жылдарында дайындаған 27 томдық шығармалар жинағының 26 томы жарық көрген, қалған еңбектері мен күнделіктері болашақта жарияланбақ. Ұлының айтуынша, алдағы уақытта әкесінің тұрған үйін Мұхтар Мағауин орталығы мен мұражайына айналдыру жоспарда бар.