Мәжіліс депутаты Құдайберген Бексұлтанов отандық фильмдерді сынға алды. Айтуынша, еліміздегі фильмдер мен әлеуметтік желілерде дөрекі сөздер көбейіп кеткен, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
«Жастарымыз қандай фильмдерді қарап жүр? Мен айтайын, «Сәке», «Прокурор», «Қара қарға», «105 мектеп». Біз өзіміз кинотуындылар арқылы дөрекілік пен тұрпайылықты насихаттап жүрміз. Олар онсыз да әлеуметтік желіде өршіп тұр. Бұл фильмдерге мемлекеттік бюджеттен қаржы бөліне ме? Егер бөлінсе, бұл нағыз апат қой. Біз қайда барамыз? Президенттің өз Жолдауында бұл мәселеге алаңдаушылық білдіргенін бәріміз естідік қой. Қазір ері де, әйелі де, жасы да, кәрісі де екі сөзінің бірінде балағат сөздер айтады. Бұрын мұндай болған емес. Не істеуіміз керек?»– деді ол.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов бұл мәселелер Мәжілісте қаралып жатқан «Құқықбұзушылықтардың профилактикасы туралы» заң жобасының аясында қамтылғанын мәлімдеді.
«Бұл – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ісі. Біз тәрбие жұмыстарын жүргізіп, айыппұлдар енгіземіз, бірақ жүйелі жұмыс қажет»,– деді министр.