Дрон шабуылынан соң. Ресей зауыты Қазақстаннан шикізат алуды тоқтатты

1348
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/98SpAUtHU1oK2eIBDC2wCmEluTpIBuVulcVdJaOh.jpg

19 қазан күні Орынбор облысындағы газ өңдейтін зауытқа (ГӨЗ) пилотсыз ұшу аппараттары (дрондар) шабуыл жасады. Бұл туралы өңір басшысы Денис Солнцев Telegram-арнасында жариялады, деп хабарлайды “Адырна”.

Губернатордың мәліметінше, дрондар өңірдегі тағы бір өнеркәсіптік нысанды да нысанаға алған, алайда нақты қай кәсіпорын екені айтылмады.

"Шабуыл нәтижесінде зауыттың бір цехында өрт шықты. Оқиға орнына барлық шұғыл қызметтер жұмылдырылды. Өртті сөндіру жұмыстарын Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері және Орынбор облысының төтенше жағдайлар жүйесі жүргізіп жатыр. Қызметкерлер арасында зардап шеккендер жоқ. Зауыт маңындағы елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ", – деді Денис Солнцев.

Орынбор қаласында орналасқан газ өңдеу зауыты "Газпром өңдеу" құрамына кіреді және Орынбор газ-химия кешенінің бір бөлігі. Кәсіпорын табиғи газ бен газ конденсатын терең өңдеумен айналысады. Шикізаттың бір бөлігі Қазақстандағы Қарашығанақ кен орнынан жеткізіледі.

Зауыт келесі табиғи жанғыш газ, тұрақты газ конденсаты, элементарлы күкірт, сұйытылған көмірсутек газдары (СҚГ), газ бензині және басқа көмірсутектер және тағы басқа өнім түрлерін шығарады.

Сонымен қатар, бұл кәсіпорын – Ресейдегі табиғи газға иіс беретін одорантты өндіретін жалғыз зауыт.

Зауыт жылына 45 млрд текше метрге дейін шикі газ, және 3,6 млн тонна тұрақты конденсат өңдеуге қауқарлы.

Орынбор газ өңдеу зауыты технологиялық тұрғыдан гелий зауытымен байланысты. Алдымен газ ГӨЗ-де өңделіп, кейін гелий зауытында гелий мен басқа да құнды компоненттер бөлініп алынады. Бұл – Ресейдің еуропалық бөлігіндегі гелий өндіретін жалғыз ірі кәсіпорын. Ол жылына 15 млрд текше метр газ өңдеп, 7,5 млн текше метрге дейін гелий өндіре алады.

Ресей Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, 18 қазан сағат 23:00-ден 19 қазан 07:00-ге дейінгі аралықта елдің әр аймағында 45 пилотсыз ұшу аппараты жойылған.

Қазір Ресейлік зауыт Қарашығанақ кен орнынан газ қабылдауды тоқтатты.

«Газпром» ЖАҚ-тың мәліметінше, 2025 жылғы 19 қазанда Орынбор газ өңдеу зауытында ұшқышсыз ұшу аппараттарының (ҰҰА) шабуылы салдарынан апатты жағдай орын алды. Соған байланысты зауыт Қарашығанақ кен орнынан шикі газ қабылдауды уақытша тоқтатты. Ресей тарапы зауыттағы зақымның сипаты мен жұмысын қалпына келтіру мерзімі туралы ақпаратты әзірге ұсынған жоқ», — деді Қазақстан Энергетика министрінің кеңесшісі, министрліктің ресми өкілі Әсел Серікпаева.

Оның айтуынша, Қазақстандағы газбен қамту жүйесі қалыпты жұмыс істеуде.

«Ішкі тұтынушыларға газ штаттық режимде жеткізілуде, ешқандай шектеу жоқ. Қарашығанақ шикізатын өңдеуге және бұл жағдайдың мұнай өндіруге ықтимал әсеріне қатысты мәселелер жер қойнауын пайдаланушылармен бірлесіп талқылануда. Мүмкін болатын шығындар мен алдағы іс-қимылдарға қатысты ақпарат қосымша хабарланатын болады. Энергетика министрлігі жағдайды бақылауда ұстап отыр және ресейлік тараппен әрі кен орны операторларымен тұрақты байланыста», — деп қосты Серікпаева.

Айта кетейік, Орынбор қаласы Қазақстанмен шекараға жақын орналасқан — шамамен 120 км қашықтықта.

댓글
기타 기사