Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев мемлекеттік тілді дамытуға арналған жаңа қаулыға қол қойды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Ферғанаға сілтеп.
Президент Өзбекстанда 20 қазан, мемлекеттік тіл күні қарсаңында өзбек тілін дамыту мен ілгерілетуге бағытталған қаулыға қол қойды. Құжат мемлекеттік тілді қоғамдық-саяси өмірдің барлық саласында кеңінен қолдану, оның оқытылуын жетілдіру және заманауи ақпараттық технологиялармен ықпалдастыру шараларын қамтиды.
Қаулыға сәйкес, 2025–2026 жылдары өзбек тілін дамыту және тіл саясатын жетілдіру тұжырымдамасын іске асыру бағдарламасы бекітілді. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік органдар мен аймақтық әкімдіктерде руханият және мемлекеттік тіл мәселелері жөніндегі кеңесші лауазымы енгізіледі.
Сондай-ақ мектепке дейінгі және жалпы білім беру мекемелерінде өзбек тілін оқытуға арналған жаңа буын оқулықтары дайындалады. Балабақша тәрбиешілеріне арналған әдістемелік құралдар мен балаларға арналған «Менинг илк изоҳли луғатчам» («Менің алғашқы түсіндірме сөздігім») атты иллюстрациялық сөздік жарық көреді. Балаларға арналған заманауи анимациялық бейне және аудиоматериалдар да шығарылады.
Өзбекстан ғылым академиясына 2026 жылдың 1 маусымына дейін көптомдық «Өзбекстан ұлттық энциклопедиясының» электронды нұсқасын дайындау, ал 1 желтоқсанға дейін «Она тили. Қомус» («Ана тілі. Энциклопедия») кітабын баспаға әзірлеу тапсырылды.
Құжатта жасанды интеллект негізінде өзбек тілін қолдайтын электронды платформа әзірлеу де қарастырылған. Бұл жоба жаңа терминдерді тіркеу мен талқылауға, қолданыстағы сөздіктерге ашық қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Өзбек тілінің халықаралық беделін арттыру мақсатында жыл сайын қазанда халықаралық ғылыми-практикалық конференция, шетелдік студенттер арасында республикалық олимпиада және «Ўзбек тили – қалбим таржимони» («Өзбек тілі – жанымның айнасы») байқауы өтеді. Сондай-ақ «Жонажон ўзбек тилим» («Менің сүйікті өзбек тілім») атты шығармашылық конкурс пен жалпыұлттық диктант ұйымдастырылмақ.
Алишер Науаи атындағы халықаралық өзбек тілі олимпиадасының жеңімпаздарына «Өзбек тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша мемлекеттік грантпен жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндігі беріледі. Шетелдік студенттер Ташкент мемлекеттік өзбек тілі және әдебиеті университеті жанындағы тегін курстарға қатыса алады.
2026 жылы ұлттық мәдени орталықтар өкілдеріне арналған өзбек тілі курстары кеңейтіледі.