Қостанай облысының Тобыл қаласында Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері екі қабатты үйден шыққан өрт кезінде қызды құтқарып қалды. Оқиғаның бейнежазбасы желіде тарады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Министрлік мәліметінше, өрт Механизаторлар көшесіндегі ғимаратта болған.
«Өрт сөндірушілер оқиға орнына келген сәтте ғимараттың шатыры толықтай отқа оранған еді. Құтқарушылар үйден 2006 жылы туған қызды және оның мысығын жедел түрде сыртқа шығарды», — делінген хабарламада.
Өрт толықтай сөндірілген. Оқиға орнында бірнеше өрт сөндіру тобы, апат медицинасы орталығының мамандары және жедел-құтқару жасағы жұмыс істеген. Сондай-ақ өртті жою бойынша штаб құрылған.
Министрліктің мәліметінше, жапа шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ.