Қазақстанда қаржы алаяқтарының құрбаны болған азаматтардың несиесін банктер өз есебінен жабатын болады. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Ол 30 қыркүйектен бастап несиені сот тәртібімен есептен шығару жөніндегі жаңа норма күшіне енгенін мәлімдеді. Айтуынша, бұл шара алаяқтық құрбаны болған азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған.
«Егер несие азаматтың келісімінсіз рәсімделіп, ол биометриялық тексеруден өтпеген болса, онда берешек сотқа жүгінбей-ақ есептен шығарылады. Ол үшін құқық қорғау органдарына арыз беру қажет. Тергеу органдары несие алаяқтық жолмен алынғаны жөнінде қаулы шығарады, сол құжаттың негізінде банк қарызды жоя алады», – деді Мәдина Әбілқасымова.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, соңғы екі жылда банктер 1 400 азаматтың 1,9 миллиард теңге көлеміндегі несиесін кешірген. Мұның бәрі азаматтардың өтініші мен құқық қорғау органдарының қаулылары негізінде сотқа жүгінбей-ақ шешілген.