Тоқаев Үкіметке әуе хабтарын дамыту жөнінде шұғыл тапсырма берді

812
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/VNzsJxtm2L4QHlNtiDDGY2itE8EUlLOQMCn3ozah.jpg

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлік жүк авиахабтарын дамыту жөнінде кеңес өткізді. Бұл туралы бүгін, 3 желтоқсанда Ақорданың баспасөз қызметі жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Президент авиахабтарды дамыту көлік-тасымал саласындағы басым бағыттардың бірі саналатынына тоқталды.

«Күллі әлем елдері транзиттік мүмкіндіктерін арттыруға ерекше мән беріп отыр. Халықаралық бәсекелестік күшейе түсті. Қазір Қазақстан арқылы жөнелтілетін жүк, негізінен, автомобиль және теміржол арқылы тасымалданады. Бірақ сарапшылар жыл өткен сайын әуе жолдары арқылы өтетін жүк тасымалы, яғни «air cargo»-ның үлесі арта түседі деген болжам жасауда. 2040 жылға қарай әуе жүктерінің 20 пайызы «Азия – Еуропа» бағытына тиесілі болмақ. Еліміз теміржолды, автокөлік жолын және әуе тасымалын қамтитын мультимодальді логистика жүйесін қалыптастыруы керек»,-деді ол.

Мемлекет басшысының пікірінше, негізгі әуежайларда толыққанды авиахаб қалыптастыру – өте өзекті мәселе.

«Әр әуежайдың бәсекеге қабілетті тұстарын айқындап, жұмыс тәсілін түбегейлі өзгерту керек. Қазір транзиттік карго-трафиктің қосымша құны төмен болып тұр. Жүк тасымалдаушылар көбіне жанармай құю немесе техникалық қажеттілік үшін ғана тоқтайды. Біздің әуежайлар жүкті тиеп-жөнелтуге, жинақтауға аса құлықты емес. Себебі елімізде инфрақұрылым дайын емес. Соның салдарынан транзиттік әлеуетімізді толық пайдалана алмай отырмыз. Осыған орай арнайы экономикалық аймақтардың тиімді жұмысын қамтамасыз етуіміз керек. Ұсынылатын жеңілдіктер әрбір хабтың ерекшелігіне қарай жасалуға тиіс»,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Одан бөлек, президент қордаланған мәселелерді шешуді кейінге қалдырып, тиісті құжат қабылдамай отырған салалық министрліктің жұмысын сынға алды.

Мемлекет басшысы Үкіметке әуе хабтарын дамытудың нақты мәселелерін шұғыл түрде шешу жөнінде тапсырма берді.

«Әуежай қызметіндегі қазіргі тариф саясатын қайта қарауға баса мән беру керек. Соңғы 10 жылда баға бір-ақ рет, яғни биыл ғана өсті. Тарифтерді ұстап тұру инфрақұрылымның тозуына әкеледі. Мұны тәжірибе анық көрсетті. Бағаны қайта қарау қалыптасқан жағдайды өзгертуге кепіл болуға тиіс. Сонымен қатар бағаның күрт көтерілуін болдырмау үшін оңтайландырылған тәсіл қолдану қажет. «Тарифті инвестицияға айырбастау» қағидатын енгізу алдағы жылдары саланы дамытудың негізгі шарты болуы керек. Қолайлы іскерлік орта құру – стратегиялық міндет. Инвесторларды мұқият тыңдаған жөн. Әуежайлардағы авиациялық емес қызметті шектен тыс реттеу көптеген түйткіл туындатып отыр. Конкурстар арқылы компанияларды іріктеу барысында бюрократиялық кедергі жасауды, келісімдердің мерзімін шектеуді тоқтату керек»,- деп толықтырды ол.

댓글
기타 기사