Тағы да журналистерге қысым. ҚазТАГ басшыларының үстінен қылмыстық іс қозғалды

107
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/LyWzBnoUYKbvwjnIYiF5ipqWgWhCYJpVC3Y6EnBk.webp

KazTAG бас директоры Әсет Матаев пен бас редактор Әмір Қасенов Freedom Finance компаниясының шағымы негізінде қылмыстық іске күдікті деп танылды. Бұл туралы ҚазТАГ басылымы жазды, деп хабарлайды “Адырна”.

Компания ресейлік миллиардер Тимур Турловқа тиесілі. Шағым ҚазТАГ жариялаған материалдарда алаяқтық схемалардан жапа шеккендердің сөздері келтірілгеніне байланысты түскен.

Адвокаттардың айтуынша, Матаев пен Қасенов белгіленген рәсімдер сақталмай, өз қатысуынсыз күдікті деп танылған. Редакция қылмыстық іс жөнінде 20 қарашада ғана білген, ал іс 18 тамызда қозғалған. Осы уақыт аралығында полиция бірнеше сараптама жүргізіп, редакцияны ол туралы хабардар етпеген.

Адвокат Ерлан Мәкенов тергеу органдары ҚПК талаптарын бұзып, сараптама тағайындалғаны туралы редакцияны дер кезінде таныстырмағанын атап өтті. Оның сөзінше, бұл факт хаттамалармен расталған.

21 қарашада тергеуші Заманбек Тазабеков адвокатпен әңгіме барысында сұрақтардың «жоғары жақтағы адамдардан» келіп жатқанын байқамай айтып қойған. Ал неге сараптамалар туралы қаулылар редакцияға уақытында берілмегені сұралғанда, ол: «Маған басшылық солай тапсырды», — деп жауап берген.

KazTAG редакциясы Freedom Finance-ке қатысты жарияланымдар жәбірленушілердің — Гүлмира Исаева, Жанна Қапарова, Карина Гайфулинаның және адвокат Светлана Оралбаеваның сөздеріне негізделгенін айтты.

Жәбірленушілер 2025 жылғы 3 сәуірде редакцияға хабарласып, басқа БАҚ-та да, мемлекеттік органдарда да өз дауыстары естілмегенін жеткізген. Олар өз уәждерін дәлелдеу үшін құжаттар мен eOtinish талондарын ұсынған. Freedom Finance компаниясының баспасөз қызметіне жолданған сұраулардың барлығы жауапсыз қалған.

Редакция бұл істі Қазақстандағы алдағы сайлаулар алдында баспасөзге қысым көрсету әрекеті деп бағалайды. Сонымен қатар KazTAG президент әкімшілігі әзірлеген делінетін «сенімсіз тұлғалар тізіміне» сілтеме жасайды. Тізімде ондаған журналист, саясаттанушы, құқық қорғаушы және мәдениет қайраткері бар.

KazTAG бұрынғы филиал директоры Руслан Кәкеновпен болған әңгіме баяндамасын жариялады. Онда Freedom Finance арқылы санкцияларды айналып өту мақсатында Қазақстан мен Ресей арасында ондаған миллион доллар көлемінде қаражат аудару схемалары қолданылғаны айтылған. Кәкенов бұл схема 2023 жылы іске асқанын мәлімдеген.

KazTAG бұл материалды АҚШ және ЕО елшіліктеріне, сондай-ақ АРРФР, Ұлттық банк және Ұлттық экономика министрлігіне жолдағанын хабарлады.

Әсет Матаев пен Әмір Қасенов Алматы полиция департаментіне 9 желтоқсан күнгі 11:00 және 17:00-ге шақырылған.

댓글
기타 기사