Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Алексей Бородавкинді қабылдады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы екі ел арасындағы көпжоспарлы ынтымақтастықтың барлық бағыт бойынша серпінді дамып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бірлескен күш-жігердің арқасында Қазақстан мен Ресей арасындағы саяси диалог бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілген.
Президент сондай-ақ жуырда Ресейге жасаған мемлекеттік сапарының нәтижелеріне тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинмен өткен келіссөздердің табысты болғанын және олардың қорытындылары стратегиялық серіктестік пен одақтастық қарым-қатынастарды одан әрі нығайтуға зор серпін бергенін айтты.
Айта кетейік, Алексей Бородавкин 2018 жылы қызметке тағайындалып,7 жылдан бері Ресейдің Қазақстандағы елшісі атанған.