5 жылдық мерейтойды ашқан «Шәкәрім»

197
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/NslSffbJJjTo8hJ3F81pcbkEdJrsbCu2f9veeKo0.jpg

Биыл Музыкалық жас көрермен театрына 5 жыл толып отыр. Осы шағын ғана уақыт ішінде театр жас көрерменге ғана емес, кең аудиторияға арналған мазмұнды, ойлы әрі көркем қойылымдарымен танылып үлгерді. Мерейтой аясында театр ұжымы бір апта бойы MTUZ Fest деп аталатын ішкі фестиваль ұйымдастырып, өздерінің шығармашылық ізденістері мен көркемдік деңгейін сарапқа салуда.

Аталған фестивальдің шымылдығын ашқан алғашқы қойылым – Ермек Аманшаевтың «Шәкәрім» музыкалық драмасы болды. Бұл таңдау да кездейсоқ емес. Өйткені «Шәкәрім» – театрдың көркемдік бағытын, рухани ұстанымын, биік мақсат-мүддесін айқын көрсететін салмақты туынды болды
Музыкалық драма қазақтың ұлы ойшылы, ақыны әрі композиторы Шәкәрім Құдайбердіұлының өмірі мен шығармашылық мұрасын арқау етеді.

Қойылым көрерменді тарихи тұлғаның тағдырымен ғана емес, ар-ождан, әділет, рухани тазалық секілді мәңгілік ұғымдармен беттестіреді.
Қазақ руханиятының аспанында жұлдыздай жарқ етіп, бар саналы ғұмырын халқының санасын оятуға арнаған Шәкәрім Құдайбердіұлы – ақиқат іздеуші кемел ойдың иесі, ұлтының рухани ұстазы. Оны тану арқылы өткенімізге баға беріп, келешегімізге айқын бағдар жасай аламыз. Шәкәрімнің ұлы мұрасы – халқымыздың рухани жаңғыруына жол ашар мәңгілік шамшырақ екені спектакль барысында терең сезіледі.
Музыкалық драмада Шәкәрімнің ақтаңдақ кезеңдерді бастан өткерген тағдыры, ел жағдайына алаңдаған азаматтық ойы, рухани ізденістері, әділет пен махаббатқа деген көзқарасы көркемдік тұрғыда өріледі. Қойылым бірнеше сахналық көріністерден тұрып, ойшылдың бала кезінен өмірінің соңына дейінгі күрделі жолын қамтиды.
Спектакльде Абай Құнанбайұлы мен Шәкәрім арасындағы рухани сабақтастық ерекше мәнге ие. Абайдың ағалық қамқорлығы, ұстаздық болмысы және Шәкәрімнің сол ізгі жолды жалғастырған азаматтық ұстанымы көрерменге терең ой салады. Бұл байланыс – қазақ ой тарихының үзілмес желісі ретінде берілген.
Шәкәрім бейнесін сахнада сомдаған Аян Өтепберген («Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты) мен Қазыбек Есқара ойшылдың ішкі драмасын, жан арпалысын, рух биігін сенімді жеткізе білді. Актерлік ойын көрермен шынайы қабылдады. Қойылым барысында көрерменге ерекше әсер қалдырған символдық бейнелердің бірі – ақсұңқар образы. Үнсіз кейіпкер бола тұра, оның нәзік те мағыналы биі сахнадағы оқиғаларға өзгеше тереңдік беріп тұрды. Ақсұңқар бейнесі Шәкәрімнің еркін ойының, биік рухының көркем символына айналды. Бұл бейне қойылымның поэтикалық тілін күшейтіп, көрерменнің ішкі сезіміне тікелей әсер етті.


Ал қойылымдағы ең әсерлі сәттердің бірі – Шәкәрім мен ұлы Ахат арасындағы сахна. Елден жырақта жүрген әкесін елге қайтармақ болған Ахаттың көз жасына ерік берген сәті, Шәкәрімнің оны тоқтатып:
«Әй, сен маған ренжулі кетсең, ертең қабырғама батары сөзсіз… кел бері» – деп маңдайынан иіскеп, бауырына басуы көрерменнің жүрегін елжіретпей қоймады. Бұл көрініс Шәкәрімнің тек ойшыл ғана емес, терең адами болмысын ашып көрсетті.
Қоюшы режиссер Асхат Маемиров тарихи тұлғаның тағдырын заманауи көркемдік тілде сөйлетіп, музыка, пластика мен драматургияны шебер үйлестіре алған. Спектакльдің көркемдік тұтастығы мен эмоционалдық әсері осы режиссерлік шешімдердің нәтижесі деуге болады. 

MTUZ Fest аясындағы қойылымдарды қазылар алқасы бағалайды. Қазылар құрамында ҚР халық әртісі, қазақ өнерінің аңызы әрі қыз жібегі  Меруерт Қаратайқызы Өтекешова, өнертану бойынша PhD докторы, Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің доценті Нартай Ескендіров, өнертану ғылымдарының магистрі Бейбіт Әлкеева, жас театртанушы Бахтияр Тұрсын, театр директорының орынбасары Алмас Шоман бар.
Спектакль соңында көрермен ұзақ уақыт бойы орындарынан тұрып, тоқтаусыз қошемет көрсетіп, қойылымға деген ризашылығын білдірді. Музыкалық жас көрермен театрының 5 жылдық мерейтойын ашқан «Шәкәрім» музыкалық драмасы – театрдың көркемдік өсу жолын, рухани биігін айқын көрсеткен маңызды белес болды.

댓글
기타 기사