Тіс емханасындағы кісі өлімі. Дәрігерге рақымшылық сұралды

199
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/UxRj6IbaPUCwpx9uOli6GuE55bVF35cmni5frMqZ.jpg

Астанада жекеменшік стоматологиялық клиникада 18 тісін емдеу барысында көз жұмған үш жасар қыздың өліміне қатысты сот процесі жалғасып жатыр, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Tengrinews-ке сілтеп.

18 желтоқсанда өткен жарыссөз кезінде прокурор айыпталушы анестезиологқа амнистия қолдануды сұрады.

Мемлекеттік айыптаушы Еркебұлан Шалқаров соттан айыпталушыны төрт жылға бас бостандығынан айырып, үш жыл мерзімге медициналық қызмет көрсетуге байланысты лауазымдарды атқару құқығынан айыруды сұрады. Айыптау тарапы іс бойынша жеңілдететін де, ауырлататын да мән-жайлар анықталмағанын мәлімдеді. 

Сонымен қатар прокурор Конституцияның 30 жылдығына байланысты қабылданған амнистия туралы заңға сәйкес бұл қылмысты онша ауыр емес қылмыстар санатына жатқызу қажет екенін атап өтті. Осыған байланысты айыпталушыны негізгі жазадан босатуды сұрады.

Сондай-ақ прокурор денсаулық сақтау министрлігінің бұйрықтарында анестезияға қарсы көрсетілімдердің нақты тізімі жоқ екенін, дәрігер мен анестезиологтың талдаулар мен анамнезді бағалаудағы міндеттері нақты көрсетілмегенін айтты. Осы олқылықтарды жою үшін соттан министрлікке қатысты жеке қаулы шығаруды өтінді.

Осыған ұқсас тағы бір оқиға Қарағанды облысының Балқаш қаласында тіркелді. Мұнда сот пациенттің өліміне қатысты айып тағылған хирургке қатысты қылмыстық істі мерзімнің өтуіне байланысты тоқтатып, оны қылмыстық жауапкершіліктен босаттыы.

ҚазТАГ мәліметінше, қылмыстық құқық бұзушылық 2023 жылғы 6 қарашада орын алған. Ал қылмыстық жауапкершілікке тарту мерзімі екі жыл болған. Осыған байланысты іс нереабилитациялық негіздер бойынша тоқтатылды.

Тергеу барысында хирургтің клиникалық хаттамаларды бұзып, хирургиялық араласу туралы шешімді дер кезінде қабылдамағаны және дұрыс емес ем тактикасын таңдағаны анықталған. Бұл науқастың жағдайының нашарлауына, кейіннен өліміне әкелген.

Прокурор істі мерзімнің өтуіне байланысты тоқтатуды сұраса, жәбірленуші тарап бұған қарсылық білдіріп, айыптау үкімін шығаруды талап еткен. Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.

댓글
기타 기사