Шырылдап араша түскен қай жазушы мен ақынды білеміз?!

184
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/uoTcUesVC7K22G77uzBAenckNegfo7C9vdMBa0Z2.jpg

“Жазушыларға үй салынсын”, “жазушыларға өйтсін, сөйтсін, бүйтсін”, “ақындарға баспана берілсін”, “ақындарға тегін кітап шығарып берсін...” Неге? Не үшін? Жазушы, ақынның басқа мамандықтардан қандай артықшылығы бар?!. Кеңестер одағы кезінде ақын-жазушыларды идеология құралы ретінде пайдаланған. Компартияның тапсырысын орындаған. Ал Тәуелсіз Қазақстанға не үшін керек олар? 

Ұлттық идеологияға қатысты мәселелерде немесе халықтың проблемасын айтуда үнін шығаруға қорқатын ақын-жазушылар өте көп. Мысалы, Желтоқсан ардагері, әріптесіміз Мирболат Мырзатайұлын “Қазақша сөйле депті біреуге” деп, 4 жылға соттайын деп жатыр. Адвокаты шырылдап жүр “Құзырлы органдар заңды белшеден басты” деп. Қыңқ деген ақын-жазушылардан кім бар?!

Алматыдағы 224 мектепті аралас қылмасын, таза қазақ мектебі болсын деп намысқа тырысып, шырылдап жүрген ата-аналарға араша түскен қай жазушы мен ақынды білеміз?! Ау, олардың оқырманы сол қазақтың қарадомалақтары ғой!!! 

Біздегі ақын-жазушылардың көпшілігі - эгоист: тірі кезінде кітабы шықсын, жағдайын үкімет жасасын, өле қалса, топ еткізіп “Кеңсайға” жерлесін, сосын артынан түкке тұрмайтын кейбір депутат, министр не тағы біреулер келіп, “Ойбааай, істегеніңнен істейтінің көп еді! Неге өліп қалдың?!” деп өтірік жылағаны, “қайғырғаны” керек.

Сосын қолынан боқ келмесе де, бала-шаға, немере-шөбере, жиендерін көр-жерге тықпалайды. Айлығы мен шайлығы жақсы жерге жұмысқа тұрғызу ғой сол баяғы. 

Жазушы-ақындарда “бес бересі, алты аласым” жоқ. Жазсын кітабын, сатсын, пайда тапсын. Мемлекетке, қарапайым халыққа масыл болмасын бірақ. Спонсорлармен жұмыс істесін (егер спонсорларға ақын-жазушылар қажет болса). Тіршілік қылсын. Мемлекетке берсін қайта шын мықты болса.
Халықтың жағдайы нашар қазір. Сіңірі шыққан кедейлер көбейген. Бала-шағасы тұрмақ, қара басын асырау мұң болғандар көп. Қазақстанда қарапайым мамандық иелері ешкімге міндетсімей, адал еңбегімен күнін көріп жүр: біреуден - жақсы, біреуден - жаман… Әйтеуір, тырбыңдаған тіршілік. Ақын-жазушылар да солай болуы тиіс.

Нәзия Жоямергенқызы

 

 

 

 

댓글
기타 기사