JF-17 Thunder. Пәкістанның әскери ұшағы халықаралық сұранысқа ие болуда

259
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/E2xLfH7JWPrZk6Fo0psxctiWYvnSSXkKV3b1ZzxU.jpg

Пәкістанның JF-17 Thunder жойғыш ұшақтарының танымалдылығы артып келеді. Бұл туралы америкалық Muslim Network TV телеарнасы мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

JF-17 ұшағын Пәкістан мен Қытай бірлесіп әзірлеген. Ол қазіргі уақытта Камра қаласындағы Пәкістан авиациялық кешенінде (PAC) өндірілуде. Қазіргі уақытта жыл сайын 20 ұшақ шығарылады.

«Пәкістан кемінде бес елдің JF-17 Thunder жойғыш ұшақтарына деген қызығушылығы күрт өскенін хабарлады және бұл сұраныс қазіргі өндірістік қуаттылықты асып кетуі мүмкін. Бұл қызығушылық Исламабад 2025 жылғы мамырда Нью-Делимен қақтығыс кезінде Қытаймен бірлесіп әзірлеген осы ұшақтың сипаттамаларын көрсеткеннен кейін пайда болған. Соңғы апталарда JF-17 ұшағына Ирак, Бангладеш және Индонезия қызығушылық танытты. Reuters агенттігі Сауд Арабиясы мен Ливия да оны сатып алу мүмкіндігін қарастырып жатқанын жазды»,-делінген хабарламада.

Сингапурдағы С. Раджаратнам атындағы халықаралық зерттеулер мектебінің ғылыми қызметкері Манодж Харджанидің айтуынша, JF-17 өзінің қолжетімділігі мен соғыс тәжірибесінің арқасында нарықтық теңгерімді бұзатын фактор болып отыр.

«Батыс өндірісіндегі жойғыш ұшақтарды ала алмайтын елдердің әуе күштері оны белсенді түрде сатып алады »,-деді Харджани.

Muslim Network TV мәліметінше, Пәкістан мен Сауд Арабиясы өзара қорғаныс пактіне қол қойғаннан кейін бірнеше ай өткен соң Саудияның шамамен 2 миллиард долларлық кредитін JF-17 сатып алуға айналдыру мүмкіндігін талқылаған. Одан бөлек, Бангладешпен де JF-17 жойғыштарын және Super Mushshak оқу-жаттығу ұшақтарын сатуға қатысты жеке келіссөздер жүргізген.

Ливия да әлеуетті сатып алушылардың қатарында. Пәкістан Ливия ұлттық армиясымен 4 млрд долларлық қару-жарақ жеткізу келісіміне қол қойған. Индонезиялық қорғаныс делегациясы да авиация саласындағы, оның ішінде JF-17 жөніндегі ынтымақтастықты талқылау үшін Пәкістан әуе күштері басшысымен кездескен.

JF-17 – жеңіл көпмақсатты жойғыш ұшақ. Оны 1999 жылғы келісім аясында PAC және Қытайдың AVIC Chengdu компаниясы бірлесіп әзірлеген. Елдің қорғаныс өндірісі министрі Раза Хаят Харрадж ұшақтың құны модификация мен жеке баптауларға байланысты 40–50 миллион доллар екенін айтты. Қазіргі таңда бұл баға оның басты артықшылығы болып отыр. Өйткені ұшақ Rafale немесе F-16 сияқты батыс аналогтарының бір данасының 100 миллион доллардан асатын бағасымен салыстырғанда айтарлықтай арзан.

Бүгінде JF-17 тек Мьянма, Нигерия және Әзербайжанға экспортталған. Нейпьидо 2015 жылы кем дегенде 16 ұшаққа тапсырыс берген, Абуджа 2021 жылы үш ұшақ алса, Баку 2024 жылы 40 ұшақ сатып алған. Әзербайжан өткен жылдың қарашасында Жеңіс күніне арналған парадта бес JF-17 ұшағын көрсеткен болатын.

Жаңа әлеуетті тапсырыстар өндірістік қуатты айтарлықтай арттыруды талап етеді. Ақпараттарға сәйкес, Ливия мен Бангладеш шамамен 16 ұшақты, Сауд Арабиясы 50 жойғышты, ал Индонезия 40 ұшақты сатып алуды қарастыруда.

댓글
기타 기사