Роскомнадзор ҚазТАГ сайтына қатысты шектеу қоюды талап етті

183
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/OxDAdqI886jEvtg3YqW7wzv6pJYQA0mcRVt15p6K.jpg

Ресей Федерациясының байланыс және бұқаралық коммуникациялар саласындағы қадағалау қызметі қазақстандық ҚазТАГ сайтына қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Роскомнадзор қазақстандық ҚазТАГ ақпарат агенттігінің сайтын бұғаттауды талап етті. Талап агенттік басшыларына қатысты қозғалған қылмыстық іс туралы материалдарға байланысты қойылған.

Мәліметке сәйкес, Ресей тарапы бұл контентті авторлық және сабақтас құқықтарды қорғау шараларымен байланыстырған. Талап қазақстандық хостинг-провайдерге жолданған. Алайда хостинг компаниясы ресейлік ведомствоның талабымен сайтты бұғаттамағаны белгілі болды.

Сондай-ақ ресейлік сот ҚазТАГ-ты сот процесі туралы ресми түрде хабардар етпегені айтылды. Агенттік бұл ақпаратты сайтқа қолжетімділік мәселелерінің себебін анықтау кезінде білген.

Осы жағдайға байланысты ҚазТАГ Қазақстанның құзырлы органдарына – Бас прокуратураға, ҰҚК-ге және профильдік министрліктерге сұрау жолдаған. Агенттік Қазақстан аумағындағы интернет-ресурстардың шетелдік талаптарға бағынуы және ақпараттық егемендікті қорғау шаралары туралы түсініктеме сұраған.

Халықаралық ұйымдар мен сөз бостандығын қорғау құрылымдары бұл іске алаңдаушылық білдірген.

댓글
기타 기사