АҚШ Эквадормен бірлесіп террористік ұйымдарға қарсы операция бастады. Бұл туралы Пентагонның Оңтүстік қолбасшылығы Х әлеуметтік желісіндегі парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
«Бұл операциялар – Латын Америкасы мен Кариб бассейніндегі серіктестердің есірткі терроризміне қарсы күрестегі табанды ұстанымының айқын көрінісі. Біз бүкіл жарты шар азаматтары арасында ұзақ уақыт бойы террор, зорлық-зомбылық және жемқорлық таратып келген есірткі лаңкестеріне қарсы батыл әрекет жасап жатырмыз», – делінген хабарламада.
Айта кетейік, былтыр АҚШ бұл өңірде есірткі тасымалдады делінген катерлерді жою үшін Қарулы күштерді белсенді түрде қолдана бастады. Америка билігінің мәлімдеуінше, мұндай операциялар трансұлттық қылмыс пен қауіпті заттардың заңсыз айналымына қарсы күреске бағытталған.