Ұлытау облысында мүгедектігі бар азаматтарды қолдау шаралары жүйелі жалғасуда

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/eXvSaXizoXwgu1VG3sL5EflUfWzw7SD5HZrzRONk.jpg

Ұлытау облысында мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік қолдау, оңалту және қоғам өміріне бейімдеу бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Өңір бойынша мүгедектігі бар адамдар саны 11 167 адамды құрайды. Оның ішінде 1 051-і – балалар. Бұл жалпы көрсеткіштің 9,4 пайызын құрайды.

Мүгедектігі бар азаматтарды қажетті оңалту құралдарымен қамтамасыз ету медициналық көрсетілімдер мен қарсы көрсетілімдерді ескере отырып, оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес жергілікті бюджет есебінен жүргізілуде. Атап айтқанда, протездік-ортопедиялық құралдар, жүріп-тұруы қиын азаматтарға арналған кресло-арбалар, санаторий-курорттық емдеу, міндетті гигиеналық құралдар, тифлотехникалық және сурдотехникалық құралдар, сондай-ақ ымдау тілі маманының қызметтері ұсынылады.

Қазіргі таңда оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес 973 адам, яғни 41,7 пайызы қажетті құралдар мен қызметтерді алып отыр. Ал 2025 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 4 839 адамды немесе 98,1 пайызды құраған.

Мемлекеттік тапсырыс аясында мүгедектігі бар азаматтарға инватакси қызметі де ұйымдастырылған. Бүгінде бұл қызметпен 221 адам қамтылған. Оның ішінде Жезқазған қаласында – 150, Сәтбаев қаласында – 37, Қаражал қаласында – 18, Жаңаарқа ауданында 16 адам бар. Инватакси қызметін көрсетуге барлығы 11 арнайы автокөлік жұмылдырылған. Оның 5-еуі Жезқазғанда, 2-еуі Сәтбаевта, 1-еуі Қаражалда, 3-еуі Жаңаарқа ауданында қызмет көрсетіп отыр.

Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларына сәйкес, жергілікті уәкілетті органдар шешімімен біржолғы әлеуметтік төлемдер де қарастырылған. Атап айтқанда, қазан айының екінші жексенбісі – Қазақстан Республикасының Мүгедектігі бар адамдар күніне орай мүгедектігі бар барлық санаттағы адамдарға және мүгедектігі бар балаларға 20 000 теңгеден төленеді. Сонымен қатар, 1-2 қаңтар – Жаңа жыл мерекесіне орай мүгедектігі бар балаларға 20 000 теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік төлем қарастырылған.

Өңірде мүгедектігі бар азаматтардың қоғам өміріне бейімделуіне жағдай жасау мақсатында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін лицензияланған орталықтар жұмыс істейді. Соның бірі – стационарлық үлгідегі 241 орынға арналған «Ұлытау облысының арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі. Қазіргі уақытта орталықта 214 адам тұрып жатыр. Оның 81-і – мүгедектігі бар адамдар, 133-і – зейнеткерлер.

Бұдан бөлек, облыста 5 аудандық және қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері қызмет көрсетеді. Олардың қарамағында үй жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін 14 бөлімше бар. Атап айтқанда, Жезқазғанда – 7, Сәтбаевта – 3, Қаражалда – 1, Жаңаарқа ауданында – 2, Ұлытау ауданында 1 бөлімше жұмыс істейді. Жыл басынан бері бұл қызметтермен 958 адам қамтылған.

Сондай-ақ өңірде үкіметтік емес ұйымдар да белсенді жұмыс атқаруда. Атап айтқанда, «Ұлытау Мейірім» қоғамдық қоры 18-35 жас аралығындағы мүгедектігі бар адамдарға арналған 30 орындық күндізгі болу орталығын іске асыруда. «Нұр мақсат» мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігі 18-35 жас аралығындағы азаматтарға арналған 25 орындық күндізгі болу орталығын ұйымдастырған. Ал «Талап» қайырымдылық қоры 3-18 жас аралығындағы мүгедектігі бар балаларға арналған 25 орындық орталық жұмысын жүргізсе, «Қазына қамқор» қайырымдылық қоры 1,5-18 жас аралығындағы балаларға арналған 25 орындық күндізгі болу орталығы арқылы қызмет көрсетіп отыр.

Жұмыспен қамту бағытында да нақты шаралар қабылдануда. 2026 жылы Ұлытау облысының мансап орталықтарына ерекше қажеттіліктері бар 151 жұмыссыз азамат өтініш білдірген. Нәтижесінде 26 адам жұмысқа орналастырылды. Оның ішінде 18 адам тұрақты жұмысқа тұрса, 8 адам субсидияланатын жұмыс орындарына, нақтырақ айтқанда қоғамдық жұмыстарға жолданды.

Сонымен бірге, «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курстарынан 4 ерекше қажеттілігі бар азамат өтіп, тиісті сертификаттарын алған. Ал 2026 жылы халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған 120 грант беру жоспарланып отыр. Әр гранттың мөлшері 1 миллион 730 мың теңгені құрайды. Гранттар жолданымдар мен бизнес-жобалар қабылданғаннан кейін екі кезең бойынша арнайы комиссия шешіміне сәйкес берілетін болады.

Ұлытау облысында мүгедектігі бар барлық санаттағы азаматтарды қолдау мақсатында қосымша әлеуметтік шаралар да қарастырылған. Атап айтқанда, Жезқазған және Сәтбаев қалаларында мүгедектігі бар адамдар, балалар және оларды тәрбиелеп отырған ата-аналар тегін жол жүру билеттерімен қамтамасыз етілуде.

Жалпы, өңірде мүгедектігі бар азаматтардың өмір сапасын арттыру, оларды әлеуметтік тұрғыда қолдау, бейімдеу және жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді.

댓글
기타 기사