Кері шегінген Каспийдің зерттеу институты бар – қаржысы жоқ

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/UxZ4HfWgM1dXJB8GyAxIT9VWnF1tsjFUPDpG1DXV.png

коллаж: Хадиша Елеусін
юКаспий теңізінің деңгейі жыл сайын төмендеп, теңіз тұзданып, жағалау қаңырап барады. Бұл – көзге көрінбейтін апаттың белгісі ғана. Жыл сайын 30 см суын жоғалтатын теңіз флора мен фаунаға ғана емес, адам өміріне де тікелей әсерін тигізгелі тұр.

2024 жылдан бері Каспий теңізінің жағасынан 2 мың 194 итбалықтың өлексесі табылды. Бұл жағдай теңіздегі ахуалдың қаншалықты күрделі екенін айқын көрсетеді. Егер су деңгейі тағы 5-10 метрге төмендесе, Қызыл кітапқа енген сүтқоректілердің саны 81%-ға дейін қысқарып, мүлде жойылуы мүмкін. Итбалықтардың қырылуы – теңізді күтіп тұрған апаттың алғашқы белгісі ғана.

дереккөз

Берілген график осы өзгерістердің ауқымын ашып көрсетеді:
А суретінде 2080–2099 жылдарға арналған болжам берілген: қызыл түспен белгіленген аумақтарда жағалау ондаған шақырымға шегініп, теңіздің көлемі айтарлықтай қысқарады.

В суретінде теңіз деңгейінің 9 дан 18 метрге дейін төмендеуі бейнеленген. Бұл жағдайда қазіргі теңіз түбі, сусыз аймаққа айналып, бір кездері тіршілік қайнаған кеңістік бос қаңқадай қаңырап қалады.

АУЫЗСУ ТАПШЫЛЫҒЫ

Теңіздің тартылуы тек экожүйеге емес, адамдардың өміріне де тікелей әсерін тигізуде. Ескере кетсек, Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты теңіз суын тұщыландырып, Ақтауды ауызсумен қамтамасыз етіп отыр. Алайда соңғы жылдары Каспий деңгейінің төмендеуі зауыттың  жұмысын тежеуде.  Мәселенің түйткілі судың тұзданып, жабдықтардың тез тозуында болып тұр.  Мысалы бұрын зауыттан тәулігіне 52 мың текше метр су өндірілсе, қазір бұл көрсеткіш шамамен 46 мыңға дейін азайды. Соның салдарынан тұрғындар, әсіресе жаз айларында, су тапшылығына тап болуда.

дереккөз

Былтырғы жазда жергілікті халық петицияға қол қойып, ауызсудың жетіспеушілігіне байланысты шағымданған болатын.  Аталмыш құжат Каспийдің тартылуы тек табиғатқа ғана емес, қаладағы өмір сапасына да тікелей қауіп төндіріп отырғанын айқын көрсетеді. 

КЕМЕ ҚАТЫНАСЫ ДА ҚИЫНДАЙ ТҮСТІ

Мәжіліс депутаты, эколог Айжан Амангелді теңіз деңгейінің төмендеуі алдағы уақытта су тапшылығымен қатар порттардың жұмысына да әсер ететінін атап өтті:

“Теңіз жағалауында тұратын тұрғындар ауызсудың жетіспеушілігіне және кеме қатынасының қиындауына тап болуы мүмкін”, - дейді депутат.

Депутат көтерген мәселе бүгінде айқын сезілуде. Су деңгейінің төмендеу салдырынан Ақтау портының жұмысы бәсеңдеп барады. Кемелер толық жүк тиеп шыға алмай отыр: сыйымдылығы 6 мың 500 тонна құрғақ жүк кемелеріне 5 мың 500 тонна шамасында ғана, ал 6 мың 800 тоннаға арналған танкерлерге 6 мың 500 тоннаға жуық жүк артылады. Ал жүк толық тиелген жағдайда кемелер теңіз түбіне тіреліп, апатты жағдайлардың қаупі күшейеді.

Жергілікті балықшы Шорманбек Ғайненовтың айтуынша, бұл маңда тіпті балық аулау қиындап кеткен:

“Қайықтар жүзе алмайды, сүйреп шығарып жүрміз. Шынын айтсақ, бұл — нағыз қорлық. Балық аулау мүлде қиынға соғып кетті. Балық та азайды, барын аулау мүмкін болмай барады”, - дейді ол.

НЕГЕ?

Каспий теңізі жыл сайын бұрын-соңды болмаған қарқында тартылып барады. «Қазгидромет» мәліметі бойынша, 2006 жылдан 2023 жылға дейін теңіздің ауданы 34 мың шаршы километрге қысқарған — бұл білдей бір Бельгия мемлекетінің аумағына тең.

Ғалымдар бұл уақытша құбылыс емес, ұзақмерзімді үдеріс екенін ескертеді. «Қазгидромет» жетекші қызметкері Айгерім Құрманғалиеваның айтуынша:

«Судың тартылу тенденциясы жалғасады. Шамамен, 2050 жылға қарай теңіз деңгейі тағы 3–4 метрге төмендеуі мүмкін».

Судың қарқынды шегінуі тұтас экожүйенің күйреу қаупін арттырады. Табиғат жаңашырлары да бұл мәселеге байланысты дабыл қағып жүр.

«Құрғап қалған теңіз түбі, жағада қаңырап тұрған қайықтар, қырылып жатқан жануарларды көргенде — жүрегің ауырады. Қазақстан бұрын Арал теңізін жоғалтты. Сол қателікті тағы да қайталай алмаймыз»,- дейді экобелсенді Михаил Беляков.

Теңіз деңгейінің соңғы жылдары күрт төмендеуіне климаттық өзгерістер мен Каспийге келіп құятын ағын су мөлшерінің азаюы себеп болып отыр.

gobaku.ru. Инфографика: Арай Еділбай

Каспий теңізіне шамамен 130-ға жуық өзендер құяды. Алайда ағын су көлемінің 80 пайызын – Еділ, ал 5 пайызға жуығын Жайық өзендері құрайды. Қазақстаннан ағатын Жайық өзені қазір қуаңшылық кезенін бастан өткеріп, жыл сайын көлемін жоғалтса, Еділдің де ағысы баяулаған. Ағын судың баяулауы теңіздегі су деңгейінің түсуіне айтАрлықтай ықпал етті.

Теңіз деңгейінің үздіксіз өзгеруіне  әсер етуші екінші фактор ол  – жаһандық климаттың өзгеруі. ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз хатшысы Айнаш Қойшыбаеваның айтуынша:

“ 1976 жылдан бастап 2023 жылға дейін Каспий теңізінің аумағындағы ауа температурасы тұрақсыз болды.  Бірақ соңғы оң жылдың ішінде, температура +0,36 градусқа көтерілген. Салдарынан теңіз суы буланып, деңгейі күннен-күнге тартылуда,”- дейді ол.

ҚАЙТПЕК КЕРЕК?

Елде Каспий теңізін қорғауға бағытталған нақты әрі жүйелі шаралар қолға алынуда. Солардың бірі — Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен құрылған Каспий теңізінің ғылыми-зерттеу институты.

Аталған институт теңіздің тартылу себептері мен салдарын зерттеп, экожүйеге мониторинг жүргізу арқылы итбалықтар мен балықтардың қырылу факторларын анықтауды мақсат етеді.

Алайда қазіргі уақытта қаржыландыру мәселесі толық шешілмеген. Экология министрлігі 2025 жылға Үкімет резервінен 1,8 млрд теңге бөлу туралы өтініш жолдап, жауабын күтуде. Вице-министр Мансұр Ошурбаевтың айтуынша, қаржыландырусыз институт өз жұмысын толықтай бастай алмайды.

КАСПИЙ – ОРТАҚ ИГІЛІК

Теңіз деңгейінің төмендеуі – Каспий маңы елдерінің экологиясы мен экономикасына тікелей әсер ететін ортақ қауіп. Осы мәселе бойынша экобелсенді Михаил Беляков өз пікірін білдірді:

“Каспий теңізін құтқарып қалу үшін бірігіп әрекет етуіміз қажет. Өзге мемлекеттермен осы тұста нақты жобалар құрып, ортақ қазынамызды сақтап қалудың маңызы зор”.

Экобелсендінің пікірі соңғы жылдары жаһандық талқылауларда да жиі көтеріліп жүр. Соның бір дәлелі – 2024 жылдың қарашасында Бакуде өткен COP29 саммиті. Кездесу барысында мемлекеттер Каспийді қорғау мақсатында халықаралық декларацияға қол қойды. Аталмыш құжатқа Әзербайжан, Иран, Қазақстан, Ресей және Түркіменстан мемлекеттері қосылды. Келісім аясында бес ел ғылыми зерттеулерді күшейтіп, деректермен бөлісіп, Каспийді сақтау үшін ортақ шараларды қолға алуды жоспарлап отыр. Бірақ Иран мақалында айтылғандай «Сөзге жақсы – білгенің, іске жақсы – жүргенің» деген сәттер өз уақытын күтіп жатқандай.  

Хадиша Елеусін



댓글
기타 기사