30 сәуір — “Сұңқар” үшін ұшуға берілген соңғы дата

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/2kSCnEWfGvRityC8VF5kcO6XFzOSUNPPYjL91NXe.jpg

«Сұңқар» («Союз-5») зымыран тасығышының алғашқы сынақ ұшырылымы бүгін, 30 сәуірде жүзеге асады деп жоспарланып отыр. Бұл – ол ұшады деп белгіленген мерзімдегі соңғы дата, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі «Физика және ғарышқа» сілтеме жасап.

«Жаңа тасығыштың ұшу-конструкторлық сынағы аясында төрт ұшырылым жоспарланған. Керосиннің нафтил деген сортын жағатын екі сатылы зымыран төмен жермаңы орбитаға 17,4 т («Союз-2»-ден 2 есе көп), гелиосинхронға — 9 т, геоөтпеліге — 6 т, геостационарға — 2,5 т жүктеме шығара алады»,-делінген хабарламада.

Еске салайық, 29 сәуірде  «Сұңқар» зымыранының ұшырылымы кейінге шегерілген еді. Оған екінші сатыдағы тотықтырғыш бактарында қысымның төмендеуі себеп болған.

Бастапқыда «Сұңқар» зымыранын 27 наурызда ұшыру жоспарланған. Алайда техникалық себептерге байланысты старт күні бірнеше рет резервтік күндерге ауыстырылған.

«Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешені — Қазақстан мен Ресейдің бірлескен жобасы. Ол «Байқоңыр» кешенінде экологиялық таза отын компоненттерін пайдаланатын зымырандармен ғарышқа ұшыру жұмыстарын жүргізуге арналған жерүсті инфрақұрылымды құруды көздейді. Жоба 2004 жылы құрылған, ал 2005 жылы сол кездегі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей президенті Владимир Путиннің Байқоңырға сапары кезінде ресми түрде іске қосылған.

Бастапқыда «Ангара» зымыран-тасығышын пайдалану жоспарланған, ал оған арналған ұшыру кешенін №200 алаңдағы бұрынғы «Протон» зымыранының №40 ұшыру қондырғысының орнында салу көзделген еді.

Кейін Ресей жоспарын өзгертіп, құрылыс үшін №250 алаңдағы бұрын «Энергия» зымыранын сынауға арналған әмбебап стенд-старт орнын ұсынды. Алайда бұл жоба да жүзеге аспады.

Кейінірек «Зенит» зымырандарын ұшыру бағдарламасы аяқталған соң, №42 алаңдағы құрастыру-сынақ корпусы мен №45 алаңдағы ұшыру кешенін қамтитын барлық жерүсті инфрақұрылым «Байқоңыр» кешенін Ресей Федерациясының жалға алу келісімінен шығарылып, Қазақстан тарапына — «Бәйтерек» бірлескен кәсіпорнына берілді.

«Ангара» зымыранының орнына, оған арналған ұшыру кешенінің құрылысы басталмағандықтан, жаңа «Сұңқар» зымыран-тасығышы бекітілді. Бұл зымыран үшін «Зенит» кешенінен қалған инфрақұрылымды белгілі бір жаңғыртулар арқылы пайдалануға мүмкіндік болды.

«Сұңқар» зымыран-тасығышы — орта класты екі сатылы зымыран. Ол Ресейдегі «РКЦ Прогресс» акционерлік қоғамында өндіріледі. Оны ұшыруға соңғы бірнеше жыл талпыныс жасалғанымен, үнемі кейін сырғытылып келеді. Зымыран айлаққа қойылған соң да оны ұшыру ондаған мәрте кейінге шегерілді. 

댓글
기타 기사