Қостанай облысының әкімі соғыс ардагерлерін арнайы барып құттықтады

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/u5LYGT1BsMdmj9A9TI4GctbHixyNRsvetjOgJjNz.jpg

Жеңіс күні қарсаңында Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерін арнайы барып құттықтады. Кездесу барысында өңір басшысы майдангерлерге соғыс жылдарындағы ерлігі, қайсарлығы мен Отан алдындағы жанқияр қызметі үшін шынайы алғысын білдірді.

Облыс әкімінің айтуынша, жеңімпаз ұрпақтың ерлігі — отансүйгіштіктің, асқақ рухтың және елге адал қызмет етудің мәңгілік үлгісі. Ол ардагерлерге қамқорлық жасау мен тарихи жадыны сақтау мемлекеттің басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, Жеңіс күніне орай Ұлы Отан соғысына қатысушыларға 5 миллион теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік көмек берілді. Бұл шешім ардагерлер мен тыл еңбеккерлерін қолдау мақсатында қабылданған.

Бүгінде Қостанай облысында тұратын барлық майдангерлер 100 жастан асқан. Соған қарамастан, олар өмірге деген төзімділіктің, даналықтың және елге адалдықтың символы болып отыр.

Ардагерлердің қатарында ақын, ұстаз әрі журналист Қасымхан Алдабергенов бар. Ол өңірдегі білім, мәдениет және руханият саласының дамуына үлкен үлес қосты. Ділдәбек Нұрышев соғыстан кейін облыстың дамуына еңбек сіңіріп, еңбек әулетінің негізін қалаған. Ал бұрынғы танк командирі Михаил Подоляков ұзақ жылдар мемлекеттік қызметте еңбек етіп, ардагерлер қозғалысының дамуына белсенді атсалысты.

Өңір басшысы ардагерлерге зор денсаулық, амандық және ұзақ ғұмыр тілеп, майдангерлерге құрмет көрсету мен тарихи жадыны сақтау әрдайым маңызды міндет болып қала беретінін айтты.

댓글
기타 기사