Украина мен Орталық Азия. Министр мәлімдеме жасады

93
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/oeHFH1bGF4EO3WMw2Whiqt8WHSyKcV69lPvrOeOg.jpg

Украина Орталық Азия елдерімен жаңа өңірлік формат құруға мүдделі, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Ферғанаға сілтеп.

Бұл туралы Андрей Сибига Times of Central Asia басылымына берген сұхбатында мәлімдеген.

Министрдің айтуынша, Киев «Украина + Орталық Азия» форматындағы платформаны тікелей диалог орнату және өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту құралы ретінде қарастырады.

"Мұндай формат ешкімге қарсы бағытталмайды. Оның негізгі мақсаты – тікелей диалогты жандандырып, практикалық өзара тиімді мүмкіндіктерді іздеу", – деді ол. Украина тарапы жаңа алаңның негізгі бағыты ретінде транзиттік-логистикалық байланысты атады. Киев Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне толыққанды қатысушы болуға қызығушылық танытып отыр. Украина Қара теңіз порттарын «Қытай – Орталық Азия – Каспий – Оңтүстік Кавказ – Қара теңіз – Еуроодақ» бағытының батыс қақпасы ретінде қарастырады.

Қазақстан Украина үшін өңірдегі басты серіктестердің бірі болып қала береді. Андрей Сибиганың сөзінше, ұзақ үзілістен кейін екі ел арасындағы ведомствоаралық консультациялар қайта жанданып, бірлескен бизнес-форум өткен.

Сонымен қатар украиналық компаниялар Қазақстан нарығына қызығушылық танытып отыр. Әсіресе ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, машина жасау және IT салаларындағы ынтымақтастыққа басымдық берілуде.

Министр гуманитарлық бағыттағы байланысты да ерекше атап өтті. Оның айтуынша, саяси келісімдердің тиімді болуы үшін гуманитарлық қарым-қатынастың маңызы зор.

Ресми мәліметке сәйкес, Ресейдің Украинаға қарсы соғысы басталғалы бері Қазақстан Украинаға шамамен 600 тонна гуманитарлық көмек жіберген. Оның ішінде дәрі-дәрмек, генераторлар және бірінші кезектегі қажетті тауарлар бар.

댓글
기타 기사