«Аз и Я» рухындағы күрескер ақын

135
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/A7fi8mxv1rqT2LTgG7ilEGdqvaFtN4iiVsp1r57o.jpg

Бүгін, 18 мамырда қазақ мәдениеті мен әлемдік әдебиеттің көрнекті өкілі, ақын, қоғам қайраткері, лингвист-ғалым, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақ КСР Халық жазушысы Олжас Сүлейменов 90 жасқа толды. Оның шығармашылық жолы мен қоғамдық қызметі қазақ халқының рухани тарихымен біте қайнасып жатыр.

Олжас Омарұлы 1936 жылы 18 мамырда Алматы қаласында дүниеге келген. Әкесі Омархан Сүлейменұлы – кавалерия полкінің офицері, ал анасы Бәтима Насыржанқызы ұлттық тәрбиені бойына сіңірген жан болған. Ақын – қазақтың әйгілі серісі әрі композиторы Жаяу Мұса ұрпағы. Осындай текті ортада өскен Олжастың бойындағы еркіндік рухы мен ұлттық болмыс ерте қалыптасты.

Алғашында ол инженер-геолог мамандығын игеріп, геология саласында білім алды. Алайда шығармашылыққа деген құштарлығы оны әдебиет әлеміне алып келді. Мәскеудегі А.М. Горький атындағы Әдебиет институтында білім алған жас ақын 1959 жылдан бастап әдеби ортаға кеңінен таныла бастады.

Олжас Сүлейменовтің есімін әлемге танытқан шығармалардың бірі – «Адамға табын, Жер, енді!» поэмасы. Бұл туынды ғарыш дәуірінің басталуын жырлап қана қоймай, адамзат рухының қуатын, ғылым мен өркениеттің мүмкіндігін паш етті. Ақын поэзиясында ұлттық рух пен жаһандық ой қатар өріліп, оның шығармалары көптеген тілге аударылды.

1975 жылы жарық көрген Аз и Я кітабы кеңестік кезеңдегі ең батыл ғылыми еңбектердің біріне айналды. Автор бұл зерттеуінде түркі және славян халықтарының тарихи-мәдени байланысын тың қырынан талдап, «Игорь полкі туралы жырдың» астарындағы түркілік белгілерді ғылыми тұрғыда саралады.

Кітап жарық көргеннен кейін Мәскеуде үлкен пікірталас туып, еңбекке тыйым салынды. Ал автор бірнеше жыл бойы саяси қысымға ұшырады. Соған қарамастан, «Аз и Я» түркі халықтарының тарихи санасын жаңғыртып, ұлттық рухтың күшеюіне зор ықпал етті.

Олжас Сүлейменов тек ақын ғана емес, қоғам өмірінде де белсенді қызмет атқарған тұлға. Ол халықаралық деңгейде ядролық қаруға қарсы қозғалыстарды қолдап, адамзат қауіпсіздігі мәселелерін көтерді. Әсіресе Семей ядролық полигонын жабуға бағытталған «Невада – Семей» қозғалысының бастамашысы ретінде ел тарихында ерекше орын алды.

Сонымен қатар ол дипломатиялық қызмет атқарып, мәдениет пен өркениеттер арасындағы үнқатысуды дамытуға үлес қосты. Ғалым ретінде «Жазу тілі», «Ежелгі түркілер» секілді еңбектер жазып, түркология ғылымының дамуына елеулі үлес қосты.

Олжас Сүлейменовтің шығармашылығы – қазақ халқының азат рухының көрінісі. Оның поэзиясы мен ғылыми ізденістері ұлттық сананы жаңғыртып, ұрпаққа рухани бағдар беріп келеді. 90 жасқа толған қаламгер туралы толығырақ сілтемеден оқи аласыз. 

 

 

댓글
기타 기사