БҚО-да 90 оқушыға 120 мың теңгелік қаржылай сертификат табысталды

223
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/1KIBaOjuxWcUePnIVWRMTph9C8imzWVwNtvKEBIK.jpg

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Тұңғыш Президент атындағы алаңда мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Оған облыс әкімі Нариман Төреғалиев қатысты.

Аймақ басшысы алдымен жас дарындар галереясын тамашалады. Шығармашылық көрмеде шәкірттер жарқын жетістіктері мен тың жобаларын таныстырды. Өскелең ұрпақтың ғылыми ізденістері, экологиялық және әскери-патриоттық бағыттағы бастамалары көпшілік назарына ұсынылды. Өнерлі өрендер шығармашылық жоспарымен бөлісті. Сондай-ақ жас құтқарушылар мен тәртіп сақшылары сап түзеп, ұйымның мақсат-міндеттерін баяндады.

Мерекелік шараның салтанатты сәтінде облыс әкімі халықаралық және республикалық білім бәсекелерінде өңір намысын қорғап, көш басынан көрінген 90 оқушыға алғыс хат пен 120 мың теңге көлеміндегі қаржылай сертификаттарды табыс етті.

Аймақ басшысы балалардың құқықтарын қорғау, олардың сапалы білім алып, денсаулығын нығайтуына, шығармашылық пен спортта шыңдалуына жағдай жасау – мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі екенін айтты. Бұл бағытта өңірде ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мәселен, соңғы 3 жылда 30 мектеп салынды. Оның 9-ы «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында бой көтерсе, қазіргі таңда 8 білім ордасының құрылысы жүргізілуде.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы атап өткендей, жас ұрпақтың бойында «Адал азамат» тұжырымдамасына сай қағидаттарды қалыптастыру – ортақ міндетіміз. Біз бүкіл қоғам болып балаларымызды еңбекқорлыққа, уақыт талабына сай ізденуге баулуымыз қажет. Жас ұрпақтың сапалы білім, саналы тәрбие алуы үшін барлық жағдай жасалып жатыр. Бұл стратегиялық іс-шаралар жүйелі түрде жалғаса береді, — деді облыс әкімі.

Мерекелік іс-шара жас өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен түйінделді.

댓글
기타 기사