Былтыр Қазақстанда орташа өмір сүру ұзақтығы 76 жасқа жақындады – Тоқаев

174
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/gv93kgM5Wavw6UwxgndpnhB2MjlI6HG7f98BZhFi.jpg

Бүгін, 18 маусымда Ақордада медицина қызметкері күніне орай салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дәрігерлерді кәсіби мерекесімен құттықтап, сөз сөйледі.

«Ең алдымен, баршаңызға медицина қызметкері күні құтты болсын деймін. Өткен жылы біз ардақты кәсіп иелері – медицина мамандарын алғаш рет Ақордаға шақырып, құрмет көрсеттік. Биыл да игі дәстүрге сай өздеріңізді осы жерде көргеніме өте ризамын.

 Шын мәнінде, денсаулық сақтау саласында қоғам игілігі үшін адал қызмет етіп жүрген әр қызметкердің еңбегі ерен. Халқымыз сіздерді ең қадірлі мамандық иесі ретінде сыйлайды және құрметтейді. Түптеп келгенде, медицина мамандары еліміздің басты байлығы – азаматтарымыздың денсаулығын нығайтуға өлшеусіз үлес қосып келеді. Мен Мемлекет басшысы ретінде осы салада табанды еңбек етіп жүрген барша қызметкерге шынайы ризашылығымды білдіремін»,–деді ол.

Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласындағы жетістіктерге де тоқталды.

«Баршаңызға белгілі, мемлекет медицина саласын дамытуға әрдайым баса назар аударады. Қазір де осы бағытта ауқымды жұмыс істеліп жатыр. Нақты нәтижелер бар. Былтыр еліміз бойынша азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 76 жасқа жақындады. Соңғы үш жылда ана өлімі 35 пайызға, ал сәби өлімі 24 пайызға қысқарды. Бұл – Тәуелсіздік жылдарындағы ең төменгі көрсеткіш. Кейінгі жеті жылда еліміз бойынша 1300-ге жуық денсаулық сақтау нысаны салынды»,–деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оның сөзінше, қазіргі таңда денсаулық сақтау жүйесінде 280 мыңнан астам маман қызмет етеді.

 «Медицина қызметкерлерінің мәртебесін көтеру және беделін күшейту еліміз үшін басымдыққа ие міндет болып қала береді. Дәрігерлердің қауіпсіздігін қатаң қадағалау жұмысы айрықша назарда болуға тиіс. Осы мәселеге былтыр кәсіби мереке қарсаңында өткен жиында арнайы тоқталдым. Сол себепті мен осы жылдың басында медицина қызметкерлеріне күш көрсеткен адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы Заңға қол қойдым. Бұл шешім қоғамымызда берік орнығып жатқан Заң мен тәртіп қағидатына толық сай келеді»,–деді президент.

댓글
기타 기사