Қазақстан мен Қырғызстан Беларуське әскер жібермеуі мүмкін – БАҚ

127
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/hAhJBUQlFkC9F0m7xB0QcnJIi3P83foHvm9a8ULi.webp

Фото: ҰҚШҰ

Соңғы күндері Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) аясындағы саяси жағдайға қатысты түрлі ақпарат тарауда. «Незыгарь» Telegram-арнасының жазуынша, Қазақстан мен Қырғызстан Беларуське әскери контингент жіберу мәселесіне байланысты сақтық танытып отыр, деп хабарлайды “Адырна”.

Арна авторларының айтуынша, Қазақстан басшылығындағы бір дереккөз президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 22–23 маусым күндері Брюссельге жасаған ресми сапары барысында Украина мен Беларусь арасындағы жағдайға қатысты мәселені көтергенін хабарлаған. Ол Еуропа Одағы басшыларымен кездесуде тараптардың қақтығысқа көрші елдерді тартып жатқанына алаңдаушылық білдірген, алайда нақты кім туралы айтылғанын нақтыламаған.

«Қазақстан мен Қырғызстан Украинадағы қақтығысқа араласуға алаңдаушылық білдірді. Олардың өкілдері ҰҚШҰ аясында әскери көмек көрсету туралы бапты іске қосу жөніндегі шешімді парламенттер қабылдауы тиіс екенін, бірақ бұл депутаттар арасында келіспеушілік тудыруы мүмкін екенін айтты», – деп жазады «Незыгарь» дереккөзге сілтеме жасап.

ҰҚШҰ аппараты шешім қабылдауда асықпауға шақырып, Лукашенкоға қақтығысты болдырмаудың жолдарын қарастыруды ұсынған.

Канал мәліметінше, Қырғызстан СІМ өкілі былай деген: «Украинаның Беларуське агрессия фактісі БҰҰ немесе Қауіпсіздік Кеңесі қарарымен расталуы тиіс. Егер мұндай шешім болмаса, ҰҚШҰ бұл жағдайға араласа алмайды».

25 маусым күні Александр Лукашенко Беларусьті соғысқа тарту жөніндегі қысымнан ашық түрде бас тартты. Ол, соның ішінде Ресейдің Беларусьтегі елшісі Борис Грызловтың ұстанымына да жауап берді.

«Бізді соғысқа итермелеудің қажеті жоқ. Президент Путинмен бұл мәселені мың рет талқыладық. Украиндарға қарсы қалай соғысамыз? Ол жақта негізінен мобилизацияланған қарапайым адамдар – механизаторлар, сауыншылар, жұмысшылар. Біз оларды атқылаймыз ба? Біз де украиндармен соғысқымыз келмейді», – деді ол.

Арна дерегінше, Мәскеуде наразылық күшейіп жатыр.

«Егер соғыс кезінде одақтас ретінде Беларусьтің пайдасы болмаса, оның қажеті қанша?» деген пікірлер айтылуда.

«Незыгарь» сұхбат алған әскери сарапшылардың пікірінше, Қазақстан мен Қырғызстан Беларусьті қорғау үшін әскери контингент жібермейді. Бұл мәселенің өзі ұйымның ыдырауына әкелуі мүмкін. Сонымен бірге Беларусь тарапынан әскери көмек туралы бастама көтерілмейді деген болжам бар.

Жалпы алғанда, ҰҚШҰ әскери одақ ретінде іс жүзінде әлсіреген. Сарапшылар Қазақстан мен Қырғызстанның бейтарап саясатты жалғастыратынын айтады. Тоқаевтың Брюссельге сапары олардың Батысқа жақындау бағытын көрсетеді. Ұйымның ресми түрде тарауы күтілмейді, алайда Ресей үшін бұл тек «сыртқы көрініс», ал қалған елдер үшін – экономикалық тиімділік құралы ретінде қалуы мүмкін. Нәтижесінде Ресейдің нақты әскери одағы жоқ деген тұжырым жасалады.

댓글
기타 기사