Рақымшылық заңы. 16 мыңнан астам адам босатылып, 17 млрд теңгеден астам айыппұл кешірілмек

761
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/zaDhefsipPMZ3IFJc42PgKpNbkupEntD9KRwdYyb.jpg

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Бұл туралы бүгін, 1 шілдеде Ақорданың баспасөз қызметі жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Қоғамға қауіп төндірмейтін, адамдардың өміріне, қоғамдық қауіпсіздікке және заңмен қорғалатын қоғам мен мемлекеттің өзге де маңызды мүдделеріне зиян келтірумен байланысты емес қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылық жасаған адамдарға рақымшылық жасалады», – деп түсіндірді Ішкі істер министрлігі.

Заңға сәйкес, қылмыстық теріс қылықтар мен ауырлығы орташа қылмыстар жасаған адамдар қылмыстық жауаптылықтан немесе негізгі жазадан босатылады. Сондай-ақ заң бірқатар сотталғанға жасаған қылмысының ауырлығын, келтірілген залалды өтеуін және түзеу мекемесіндегі мінез-құлқын ескере отырып, жазаның өтелмеген бөлігін қысқартуды да қарастырады.

Алдын ала есеп бойынша, 16,5 мыңнан астам адам жаңа өмір бастауға мүмкіндік алады. Олардың ішінде шамамен 2 900 әйел бар, соның ішінде жүкті әйелдер мен кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеп отырған аналар да қамтылған.

Ал өмір бойына бас бостандығынан айырылғандар мен сырттай сотталғандар рақымшылыққа ілікпейді.

Одан бөлек, ел тарихында алғаш рет әкімшілік рақымшылық жүргізіледі. Заңға сәйкес, азаматтар, жеке кәсіпкерлер және жеке практикамен айналысатын тұлғалар заң күшіне енген күнге дейін орындалмаған әкімшілік айыппұлдарды төлеуден босатылады. Тек ішкі істер органдары қарайтын құқық бұзушылықтар бойынша ғана жалпы сомасы 17 миллиард теңгеден асатын шамамен 1 миллион айыппұл рақымшылыққа ілінбек.

Әкімшілік рақымшылық ең өрескел құқық бұзушылық жасаған адамдарға қолданылмайды. Олардың қатарында қару мен есірткінің заңсыз айналымына қатысы барлар, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзғандар (мас күйінде көлік жүргізу, қарсы жолаққа шығу және жүргізуші куәлігінен айыруға әкелген басқа да бұзушылықтар), сондай-ақ құқық бұзушылықты қайталап жасаған азаматтар бар.

Министрлік өкілдері қылмыстық та, әкімшілік те рақымшылықтың бір реттік сипатқа ие екенін атап өтті. Егер рақымшылық жасалған адам қайтадан құқық бұзушылық жасаса, ол жалпы тәртіппен жауапкершілікке тартылады.

댓글
기타 기사