ЕО елшісі Қазақстандағы босқындар лагері туралы қауесетке жауап берді

132
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/Aw7koEwQtv30EdGrURx9dEOGt2bvMrVMEY0wooOp.webp

Еуропалық одақ Қазақстан аумағында босқындарды орналастыру орталықтарын құру мәселесі бойынша ешқандай келіссөз жүргізіп жатқан жоқ. Бұл туралы Қазақстандағы Еуропалық одақтың елшісі Алешка Симкич айтты, деп хабарлайды "Адырна".

Оның айтуынша, ЕО қабылдаған жаңартылған көші-қон пакті үш негізгі бағытқа негізделген. Біріншісі – заңсыз көші-қонның алдын алу және адам саудасымен айналысатын қылмыстық топтарға қарсы күрес. Екіншісі – соғыс пен қудалаудан қашқан адамдарға халықаралық қорғау көрсету. Үшіншісі – Еуропаға білікті мамандарды тарту.

Елші жаңа пакт аясында енгізілген екі маңызды өзгеріске де тоқталды. Енді Еуропалық одаққа мүше мемлекеттер баспана сұраған азаматтардың өтінішін оларды ел аумағына кіргізбей-ақ, шекарада қабылдап, 12 аптаға дейін қарай алады. Осы мерзімнен кейін өтініш бойынша шешім қабылданады.

Сондай-ақ жаңа ережелерге сәйкес, баспана алу туралы өтініші қанағаттандырылмаған әрі ЕО аумағында қалуға құқығы жоқ адамдарды олардың туған еліне емес, үшінші мемлекетке жіберу мүмкіндігі қарастырылған. Алайда Алешка Симкич бұл норма әлі толық заңнамалық күшіне енбегенін айтты.

Елшінің сөзінше, Қазақстанда босқындар лагерін ашу туралы ақпараттар негізсіз болжамдардан туған.

«Еуропалық одақ та, Еуропалық комиссия да қазіргі уақытта ешбір мемлекетпен, соның ішінде Қазақстанмен де, оны үшінші ел ретінде пайдалану жөнінде келіссөздер жүргізіп жатқан жоқ. Мұндай бастамаларды ЕО емес, мүше мемлекеттердің өздері көтеруі мүмкін. Мысалы, Италия мен Албания арасында осындай келісім бар. Болашақта қандай да бір ел Қазақстанға немесе Өзбекстанға ұсыныс жасауы мүмкін, бірақ бұл сол мемлекеттің егемен шешімі болады. Қазіргі уақытта Қазақстанмен мұндай келіссөздер жүргізілген жоқ және жуық арада жоспарланып отырған жоқ», – деді ол.

Алешка Симкич Еуропалық одақтың Қазақстан аумағында босқындарға арналған лагерьлер салу мәселесін күн тәртібіне шығармағанын тағы бір мәрте атап өтті. Оның айтуынша, мұндай шешімдер тек тиісті мемлекеттің келісімімен ғана қабылданады және ЕО оларды біржақты түрде жүзеге асыра алмайды.

댓글
기타 기사