Илон Маскпен танысқан қазақ. Жаңаөзен тумасы Tesla инвесторы атанды

178
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/YmxybyzuEqCbfhn7X8FOATfhjiLsSmeKP0kiV8NK.png

Жаңаөзен тумасы Әнуарбек Иманбаев Tesla компаниясының инвесторы атанды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Ulysmedia-ға сілтеме жасап.

Оның отбасы тоғыз жасында, яғни 1992 жылы АҚШ-қа қоныс аударған. Бұған әкесінің америкалық мұнай компанияларының бірінде тағылымдамадан өтуі себеп болған.

Кейін ол отбасылық дәстүрді жалғастырып, өмірін мұнай саласымен байланыстырған. Иманбаев АҚШ-тың ірі жекеменшік компанияларында жұмыс істеп, мұнай-газ секторына арналған IT-шешімдерді енгізумен айналысқан.

2012 жылы әріптесінің көмегімен Әнуарбек Илон Маскпен танысқан. Калифорния штатындағы Фримонт қаласында орналасқан Tesla зауытын көргеннен кейін ол компанияның болашағына сеніп, елге оралған соң барлық жинаған қаржысына Tesla акцияларын сатып алған. Уақыт өте келе ол Tesla-ның, кейін SpaceX компаниясының бірқатар топ-менеджерлерімен жақын араласа бастаған.

Америкада ондаған жыл өмір сүрсе де, Ануарбек ана тілін және ұлттық болмысын сақтап қалған. Оның айтуынша, бұған ата-анасының үйде балаларымен тек қазақ тілінде сөйлесуі ықпал еткен.

«Цукербергтің көршілері» жобасына берген сұхбатында ол АҚШ-қа көшкендердің америкалық өмір салтына толықтай бейімделуге тырысқаннан гөрі, қазақтың дәстүрі мен мәдениетін құрметтеп, сақтауы маңызды екенін айтты.

«АҚШ-қа көшіп келгендердің көбі, мысалы қытайлар, әуелі өздеріне жергілікті есім алады. Ал бізде бәрі басқаша болды. Әкеміз бізді, ең алдымен, патриот етіп тәрбиеледі. Біз өзіміздің қазақ екенімізді мақтан тұтып өстік. Көп адам, тіпті әріптестерім де менің есімімді айта алмайтынын айтатын. Мен оларға: «Бұл – ата-анам мен Алла берген есім. Ұнамаса, есік ана жақта» деп жауап беретінмін. Қазақстандықтарға айтар кеңесім – өз Отандарыңызды мақтан тұтыңыздар, америкалық болуға тырыспаңыздар»,– деді ол.

댓글
기타 기사