Қоғамдық бақылаушылар Құрылтай депутаттарының сайлауына дайындықты бастады

313
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/BkqawJxM6wubBAIilFemwatORzylZDhvcNfcGGgd.jpg

Алматыда «Халық үні» тәуелсіз қоғамдық бақылаушылар тобының баспасөз конференциясы өтті.

Жиынға қатысушылар 23 тамызға белгіленген Құрылтай депутаттарының сайлауына бақылаушыларды даярлау жұмыстары басталғанын мәлімдеді. Бастамашыл топтың құрамына бұған дейін сайлаулар мен референдумдарды бақылауға қатысқан саясаттанушылар, журналистер және азаматтық қоғам өкілдері кірген.

Топ жетекшісі, саясаттанушы Нұрболат Нышанбаевтың айтуынша, бастаманың негізгі мақсаты – дауыс беру барысына тәуелсіз қоғамдық бақылау жүргізу арқылы сайлаудың ашық әрі әділ өтуіне ықпал ету. Ол топтың қызметі қандай да бір саяси партияны немесе кандидатты қолдауға бағытталмағанын атап өтті. Негізгі назар заң талаптарының сақталуына, сайлау процесіне қатысушыларға тең жағдай жасалуына және әрбір дауыстың заңға сәйкес есептелуіне аударылатынын ескертті.

Нұрболат Нышанбаев топ мүшелерінің бұған дейінгі жалпұлттық саяси науқандарды бақылауда тәжірибесі бар екенін айтты. Әр жылдары олардың өкілдері конституциялық референдумдарда, сондай-ақ Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауында жұмыс істеген. Қазіргі уақытта ұйым дауыс беру күні тікелей сайлау учаскелерінде жұмыс істейтін бақылаушыларды іріктеу және оқыту жұмыстарына кірісті.
Саясаттанушы Бекнұр Кисиков Құрылтай сайлауы өкілді биліктің дамуындағы жаңа кезеңнің басталуын білдіретінін атап өтті. Оның айтуынша, «Халық үні» еліміздің аумағында тәуелсіз бақылаушылар желісін қалыптастырып, дауыс берудің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз етуге атсалысатын жас қоғамдық бақылаушыларды даярлауға басымдық береді.

Журналист әрі саясаттанушы Нұргелді Әбдіғани тәуелсіз қоғамдық бақылау сайлау процесіне деген сенімді нығайтудың маңызды тетігі екенін айтты. Оның пікірінше, азаматтардың бақылау жұмысына қатысуы сайлаудың ашық өтуіне және сайлаушылар еркінің қорғалуына ықпал етеді. Сондай-ақ ол биылғы науқанда азаматтар өздері сенім білдіретін бақылаушы ұйымды дербес таңдай алатынын атап өтті.

Бақылаушыларды даярлаудағы көпжылдық тәжірибе туралы топ мүшесі, саясаттанушы Дос Көшім де айтып кетті. Оның сөзінше, бақылаушылар сайлау заңнамасын біліп қана қоймай, учаскеде жұмыс істеудің практикалық дағдыларын да меңгеруге тиіс. Осы науқан аясында олар үшін арнайы әдістемелік материалдар мен электрондық нұсқаулықтар әзірленген. Онда заңнаманың қажетті нормалары, сондай-ақ дауыс беру және дауыстарды санау кезінде туындауы мүмкін түрлі жағдайлардағы іс-қимыл алгоритмдері қамтылған.

Топ мүшесі Ермұрат Бәпи Қазақстанда тәуелсіз бақылау институты 2019 жылдан бері дәйекті түрде дамып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, қоғамдық бақылаушылардың негізгі міндеті жекелеген саяси күштерді қолдау емес, сайлау қорытындысына қарамастан, дауыстардың әділ, ашық және объективті есептелуін қамтамасыз етуге ықпал ету.
Баспасөз конференциясының қорытындысы бойынша «Халық үні» өкілдері еліміздің өңірлерінде қоғамдық бақылаушылар желісін қалыптастыру жұмыстарын жалғастыратынын хабарлады.

댓글
기타 기사