Қара теңізде «Теңізшевройл» мұнайын тиеп жатқан танкерге шабуыл жасалды

175
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/hoGwnFpgmtlu2q8AlfVu77lMN3qjFLI439xFbpth.jpg

Қара теңіздегі Каспий құбыр консорциумының (КҚК) терминалында «Теңізшевройлдың» мұнайын тиеп жатқан танкерге дрондармен шабуыл жасалды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

КҚК мәліметінше, оқиға 30 шілдеде Астана уақытымен сағат 03:48-де болған.

«Маршалл аралдарының туы астында жүзетін «NIFFOS SIFNOS» танкеріне террорлық шабуыл жасалды. Кеме «Теңізшевройл» мұнайын тиеу үшін Каспий Құбыр Консорциумының (КҚК) ВПУ-3 қашықтағы тиеу құрылғысында тұрған»,– делінген хабарламада.

Шабуыл салдарынан танкердің жүк палубасындағы мұнай қабылдау манифольдтары орналасқан аумақта өрт шыққан. Өрт танкер экипажы мен КҚК-ның үш көмекші кемесінің қатысуымен сөндірілген.

«Танкер су бетінде қалды, келтірілген залал көлемі бағалануда. Мұнай тиеу тоқтатылды, ал мұнай құбыры нысандары штаттық режимде жұмыс істеп тұр», – деп мәлімдеді КҚК.

Консорциум мен мердігер ұйымдардың қызметкерлері арасында зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ.

댓글
기타 기사