Астаналық бойжеткен Моңғолияның ең биік шыңында көк туымызды желбіретті

1459
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/W7U1JZBUC6c7njYJzTFmm3EWIeq8kSMikVtT1WNm.jpg

Астаналық Лашын Жанарбек Моңғолияның ең биік нүктесі — Алтай Таван Богд тау жүйесіндегі Хүйтэн шыңын бағындырып, 4374 метр биіктікте Қазақстанның көк туын желбіретті.

Моңғолияға еңбек демалысын отбасымен бірге өткізуге барған Лашын үшін бұл сапар күтпеген сынаққа әрі ерекше тәжірибеге айналды. Кәсіби альпинист ағасы Нұрбек Жанарбектің ұсынысымен ол 15 жастағы інісін ертіп, ағасымен бірге үш адам болып Хүйтэн шыңына аттанған.

Мәңгі мұздықтармен көмкерілген шыңды бағындыруға ағайындыларға 15 сағат уақыт кеткен. Олардың айтуынша, бұл — отбасының тауға шығудағы жеке рекорды.

«Әдетте Хүйтэн шыңына шығу үшін 2-3 күн уақыт бөліп, жол бойындағы кемптерге қонатынбыз. Бұл жолы ауа райының қолайлы болуы және үшеуіміздің бірлесіп әрекет етуіміздің арқасында кемптерге тоқтамай, бірден шыңға көтеріліп, қайта түстік», — дейді Лашын.

Хүйтэн шыңы — Моңғолияның ең биік нүктесі. Биіктігі 4374 метр болатын шың Алтай Таван Богд тау жүйесінің құрамына кіреді. Аймақ күрделі табиғи жағдайымен, қатал климатымен және мәңгі мұздықтарымен ерекшеленеді.

Ағайындылардың айтуынша, бұл сапар тек тауды бағындыру емес, отбасы мүшелерімен бірге сыннан өтіп, ортақ естелік қалыптастырған ерекше сәт болды.

댓글
기타 기사