Белгілі тележурналист Тілеуқабыл Мыңжасар өмірден өтті

112
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/4QxltcPLrZmSjcOZukygXoXvFDijLckB8epDbeHq.jpg

Отандық телевизия саласының ардагері, белгілі тележурналист Тілеуқабыл Мыңжасар 75 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Қаралы хабарды тележүргізуші Ринат Кертаев әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады, деп хабарлайды "Адырна".

«Тілеуқабыл аға – журналистиканы қызмет емес, өмірінің мәні деп түсінген азамат еді», – деп жазды Ринат Кертаев.

Оның айтуынша, Тілеуқабыл Мыңжасар көп жылдық тәжірибесі бар кәсіби маман болумен қатар, кейінгі буынға бағыт-бағдар беріп, ақылын айтып жүрген сыйлы аға болған. Журналистің қазасына не себеп болғаны әзірге белгісіз.

Марқұмның жаназасы 29 тамыз күні 10:00-де өз шаңырағында өтеді.

Тілеуқабыл Мыңжасар 1952 жылы Түркістан қаласында дүниеге келген. 1975 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген. Сол жылы Қазақ телевизиясының балалар мен жасөспірімдер редакциясында алғашқы хабары эфирге шықты.

Ол «Хабар» агенттігі құрылғаннан бері осы салада еңбек етіп, 1998 жылдан бастап Алматы облысындағы меншікті тілші қызметін атқарды. Қырық жылдан астам уақытын журналистикаға арнаған маман ел өңірлерін аралап, халықтың әлеуметтік жағдайын, сондай-ақ ауыл-аймақтардағы өзекті мәселелерді республикалық телеарна эфирінде тұрақты көтеріп отырды.

Кәсіби еңбегі еленген журналист Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты атанып, Алматы облысының құрметті азаматы болды. Сонымен қатар «Хабар» агенттігінің «Алтын микрофон» сыйлығымен марапатталған. Еңбегі үшін медаль және Қазақстан Президентінің Алғыс хатын алған.

Марқұмның отбасы мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз.

댓글
기타 기사