Путин АҚШ өкілдерімен Украинадағы соғысты тоқтату мәселесін талқылады

75
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/fOlZweMbWXCDevXXoqcye5qIiUDgSvx4xdOmDZeL.jpg

ФОТО: GAVRIIL GRIGOROV | REUTERS / SCANPIX

Сенбі күні Кремльде Ресей президенті Владимир Путин мен АҚШ президентінің арнайы өкілдері Стив Уиткофф пен Джаред Кушнер арасында Украинадағы соғысты тоқтату мәселесіне қатысты келіссөздер өтті. Кремльдің хабарлауынша, жабық есік жағдайында өткен кездесу үш сағаттан астам уақытқа созылған. Бұл туралы ВВС жазды, деп хабарлайды “Адырна”.

«Кездесу үш сағаттан астам уақытқа, дәлірек айтқанда 3 сағат 10 минутқа созылды», – деді журналистерге Путиннің көмекшісі Юрий Ушаков.

Оның айтуынша, кездесу барысында Уиткофф пен Кушнер Украинадағы соғыс қимылдарын тез арада тоқтатуға мүдделі екенін білдіріп, қақтығысты реттеу жөніндегі өз ұсыныстарын ортаға салған.

«Америкалық өкілдер бұл сапарға тыңғылықты дайындалған. Олар соғыс қимылдарын мүмкіндігінше тез аяқтауға деген дәстүрлі қызығушылықтарын білдіріп қана қоймай, реттеудің ықтимал жолдарына қатысты бірқатар ұсыныстарын да айтты», – деді Ушаков.

Ушаковтың мәлімдеуінше, Путин Трамптың өкілдеріне Ресейдің Украинада алдына қойған мақсаттарына қол жеткізуге ниетті екенін және қақтығысты реттеу үшін оның себептерін жою қажет екенін айтқан. Ресей тарапы Америка өкілдеріне майдан шебіндегі жағдайға қатысты өз бағасын да ұсынған.

Ушаковтың сөзінше, АҚШ өкілдері Киевте өтетін алдағы келіссөздер барысында Путиннің бағалауларын ескеруге уәде берген. Бұл кездесулердің мақсаты – соғысты тоқтату жөніндегі ұзақ мерзімді келісімге қол жеткізудің жолдарын табу.

Трамптың арнайы өкілдері Кремльдегі кездесудің қорытындысына әзірге түсініктеме берген жоқ. Сенбі күні кешке олар Мәскеудегі «Внуково» әуежайынан шығып, Украинаға Владимир Зеленскиймен келіссөздер жүргізу үшін аттанды.

Жексенбіге қараған түні әлемдік ақпарат агенттіктері Ақ үй өкілінің қысқаша мәлімдемесін таратты. Оның айтуынша, Мәскеуде Трамптың өкілдері «таяу апталарда жарияланатын алдағы іс-қимылдардың нақты жоспарларын талқылаған және Украинадағы кездесулер де дәл осындай нәтижелі болады деп үміттенеді».

댓글
기타 기사