Қазақстанның Ресей компанияларына берешегі 2 трлн теңгеден асты

83
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/k0O6nrtvj5Ep1INSc80QcYWbQ3lQVGEvnInBQgvt.png

ТМД елдерінің компаниялары 2026 жылғы маусымда ресейлік бизнеске 967 млрд рубльден астам қарыз болған. Бұл шамамен 5,2 трлн теңгеге тең. Бір жыл ішінде берешек көлемі 40 пайызға өскен. Бұл туралы «Известия» Росстат деректеріне сілтеме жасап жазды, деп хабарлайды “Адырна”.

Қарыздың ең үлкен үлесі Қазақстанға тиесілі. Қазақстандық компаниялардың ресейлік бизнес алдындағы берешегі 401,3 млрд рубльді, яғни шамамен 2 трлн 160 млрд теңгені құраған. Бұл ТМД елдерінің жалпы қарызының 41,5 пайызы.

Ресей алдындағы берешек көлемі бойынша Беларусь екінші орында – 327,3 млрд рубль. Одан кейін Өзбекстан – 81,7 млрд, Армения – 65 млрд, Қырғызстан – 52,3 млрд және Украина – 3,5 млрд рубль. Мерзімі өткен қарыздың жалпы көлемі 43 млрд рубльден асады.

Сонымен бірге ресейлік компаниялардың ТМД елдерінің бизнесіне берешегі де өскен. 2026 жылғы маусымда оның көлемі шамамен 506 млрд рубльге немесе 2,7 трлн теңгеге жетті. Бір жылда бұл көрсеткіш 25 пайызға артқан.

Сарапшылар қарыздың өсуін бірнеше себеппен байланыстырады. Олардың қатарында Ресей мен ТМД елдері арасындағы сауда көлемінің артуы, санкцияларға байланысты төлемдерді өткізу рәсімдерінің күрделенуі және халықаралық есеп айырысудағы қиындықтар бар.

Сонымен қатар ресейлік компаниялар Қытай мен Түркия тарапынан күшейген бәсекеге байланысты шетелдік сатып алушыларға төлемді кейінге қалдыру мерзімін ұзартуға мәжбүр болып отыр. Бұл өз кезегінде ресейлік бизнеске қосымша қаржылық салмақ түсіреді.

Сарапшылардың пікірінше, берешектің өсуі әзірге Ресей экономикасы үшін аса қауіпті деңгейге жеткен жоқ. Дегенмен Қазақстан немесе Өзбекстан сияқты негізгі нарықтардағы ірі сатып алушылардан айырылу ресейлік бизнес үшін елеулі тәуекел болуы мүмкін.

Мамандар ресейлік экспорттаушыларға контрагенттердің төлем қабілетін мұқият бағалап, төлемді кейінге қалдыру көлемін бақылауды ұсынады.

댓글
기타 기사