Әзербайжанда қуаты 100 МВт болатын күн электр станциясы ашылды

119
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/MyGrGU4E4TV0n4McGiFLqNBxq9DhHa7tSWaww9w9.jpg

16 қыркүйекте Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев ел астанасындағы Қарадақ ауданында орналасқан қуаты 100 МВт болатын «Гобустан» күн электр станциясының ашылу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Report агенттігінің мәліметінше, мемлекет басшысын энергетика министрі Парвиз Шахбазов, Қытай Халық Республикасының Әзербайжандағы елшісі Лу Мэй және Universal International Holdings Limited компаниясының бас атқарушы директоры И Нань қарсы алған.

Президент Ильхам Әлиевке «Гобустан» күн электр станциясы, Universal Energy компаниясы және оның Әзербайжандағы қызметі туралы ақпарат берілген.

Кездесу барысында Қытайдың Шанхай қаласында құрылған компанияның жасыл энергетика мен энергия сақтау жүйелері саласында шешімдер ұсынатыны айтылды.

Universal Energy жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобаларды Қытайда ғана емес, Қазақстан мен Өзбекстанда да жүзеге асырып келеді.

Әзербайжан Министрлер кабинетінің 2023 жылғы шешімімен Баку қаласының Қарадақ ауданындағы Пирсаат кентінде орналасқан 300,77 гектар жер телімі күн электр станциясын салу мақсатында жаңартылатын энергия көздері аймағы ретінде белгіленген еді.

Аталған жер телімі күн электр станциясын салу үшін аукционға шығарылып, 2024 жылы оның жеңімпазы ретінде Қытайдың Universal International Holdings Limited компаниясы танылды.

«Гобустан» күн электр станциясы жобасы – Әзербайжанда аукцион арқылы жүзеге асырылған алғашқы жоба әрі Universal Energy компаниясының елдегі тұңғыш жобасы.

Станцияда күн панельдерімен қатар далалық инверторлар мен трансформаторлар орнатылып, барлық кабельдік жұмыстар толық аяқталған.

«Гобустан» күн электр станциясы іске қосылғаннан кейін жылына шамамен 200 миллион киловатт-сағат электр энергиясын өндіру жоспарланып отыр. Бұл жыл сайын 45 млн текше метр табиғи газды үнемдеуге және атмосфераға шығарылатын көмірқышқыл газының көлемін 97 мың тоннаға қысқартуға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, президент Ильхам Әлиевтің жетекшілігімен жүзеге асырылып жатқан энергетикалық саясаттың басым бағыттарының бірі – жаңартылатын энергия көздерін кеңінен пайдалану.

Әзербайжандағы жасыл энергия көздерінің техникалық әлеуеті құрлықта 135 ГВт, теңізде 157 ГВт деп бағаланады. Экономикалық әлеуеті 27 ГВт-ты құрайды. Оның ішінде жел энергетикасы – 3 ГВт, күн энергетикасы – 23 ГВт. Сонымен қатар биоэнергетика әлеуеті 380 МВт, тау өзендерінің энергетикалық әлеуеті 520 МВт деңгейінде.

«Гобустан» күн электр станциясы іске қосылғаннан кейін Әзербайжандағы жаңартылатын энергия көздерінің жалпы қуаты 2170 МВт-қа, ал мұндай станциялар саны 85-ке жетеді. Оның ішінде 65 су электр станциясы (1443,5 МВт), 6 жел электр станциясы (306,5 МВт), 9 күн электр станциясы (278,2 МВт), 3 гибридті электр станциясы (7,3 МВт) және 1 биоэлектр станциясы (37 МВт) бар.

Қазіргі таңда жаңартылатын энергия көздерінің үлесі елдің жалпы энергетикалық қуатының шамамен 20,8 пайызын құрайды.

2027 жылдың соңына дейін қуаты шамамен 1,5 ГВт болатын жаңартылатын энергетика жобаларын іске асыру көзделген. Жергілікті және халықаралық серіктестермен бірлесіп жүзеге асырылатын бұл жобалар елдің электр энергиясына деген сұранысын қамтамасыз етуге үлес қосып қана қоймай, табиғи газды үнемдеуге және көмірқышқыл газы шығарындыларын айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді.

댓글
기타 기사