Жүз беске толған «Ақиқат». Алматыда конференция өтті

114
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/gsyw2S5WgCfulRYqidhAi6G5uTUYYNGc8opGWp8g.jpg

Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының 105 жылдығына арналған «Заман мен зиялы мінбері» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды "Адырна".

Жиын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың журнал ұжымына жолдаған құттықтау хатынан басталды. Президенттің құттықтауын Мемлекет басшысының кеңесшісі Мәлік Отарбаев оқып берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтауында «Ақиқат» журналының қазақ баспасөзіндегі тарихи орнына тоқталды. Мемлекет басшысы басылым беттерінде Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин сынды ұлт зиялыларының еңбектері жарияланғанын атап өтті. Сондай-ақ журналдың ұлттық сана мен қоғамдық ойдың дамуына үлес қосқанын айтты.

Іс-шарада Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевтың құттықтау хаты да оқылды. Министр журналдың ғасырдан астам уақыт бойы елдің қоғамдық-саяси және рухани өмірімен сабақтасып келе жатқанын атап өткен.

Конференцияға Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев, журнал ардагерлері Сарбас Ақтаев, Жанболат Аупбаев, тарихшы Хангелді Әбжанов және басқа да ғалымдар қатысты.

Жиында «Ақиқат» журналының тарихы мен қазіргі қызметі туралы баяндамалар жасалды. Басылымның бас редакторының орынбасары, журналист Дина Имамбай журналдың 1921 жылдан бергі тарихына тоқталды.

«Ақиқат» журналының тарихы 1921 жылғы 15 қыркүйектен басталады. Басылым алғашқы кезде «Қызыл Қазақстан» деген атаумен Орынбор қаласында жарық көрген. Оның алғашқы бас редакторы мемлекет және қоғам қайраткері, публицист Абдолла Асылбеков болды.

Әр жылдары журнал «Ауыл коммунисі», «Коммунист», «Қазақстан большевигі», «Қазақстан коммунисі» деген атаулармен жарық көрді. Басылымда Ораз Жандосов, Смағұл Сәдуақасов, Нәзипа Құлжанова, Нығмет Нұрмақов, Ұзақбай Құлымбетов және басқа да қоғам қайраткерлері еңбек етті.

Конференция барысында журналда еңбек еткен қаламгерлер естеліктерімен бөлісті. Сонымен қатар «Алаштың «Ақиқаты» атты кітаптың тұсаукесері өтті. Кітапта журналдың тарихы, бас редакторлары туралы мәліметтер, зерттеулер мен естеліктер қамтылған.

Іс-шара соңында «Қазақ газеттері» ЖШС директоры Ержан Байтілес журнал ардагері Сарбас Ақтаевты «Парламентке 30 жыл» медалімен марапаттады.

댓글
기타 기사