Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.
Мемлекет басшысы Үкіметтік комиссияға қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін қажетті шараларды қабылдауды және қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларына көмек көрсетуді тапсырды.
Қайғылы оқиға 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында болған. Каспий теңізінің жағалауында оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау барысында ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген. Соның салдарынан 19 әскери қызметшіні теңізге алып кеткен.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, олардың тоғызы қаза тапқан.
Сонымен қатар Премьер-министрдің өкімімен әскери қызметшілердің қаза болу себептерін тергеп-тексеру жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылды. Комиссияға премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев жетекшілік етеді.
