Қазақстан Украинадан Қара теңіздегі кемелерге шабуылдарды тоқтатуды сұрады

199
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/3zsho7ckPVjLgXveCX3eHTNkvVbCwdPNYE4XoGye.jpg

Қазақстан Украинадан Қара теңіздегі қазақстандық кемелерге дрондар арқылы жасалатын шабуылдарға жол бермеуді сұрады. Бұл туралы Ulusmedia агенттігіне Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Бұған дейін министр БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясы аясында Украина Сыртқы істер министрі Андрей Сибигамен кездескен.

«Ең алдымен, украиналық тараппен Қара теңіздегі біздің кемелерімізге дрондармен шабуыл жасауға бұдан былай жол бермеу қажеттігін талқыладық», – деді Тілеуберді.

Оның айтуынша, Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен кездесуде Қазақстан тарапы Ресей мен Украина арасындағы келіссөздерді қолдайтынын жеткізген.

«Егер екі тарап та Қазақстанда келіссөз өткізуге ниет білдірсе, біз қарсы емеспіз. Алайда, біздің ойымызша, бұл мәселені тек екі елдің өзі шешуі керек. Өйткені жауапкершілік өте жоғары. Ешқандай делдал сырттан араласып, бұл мәселені толық шеше алмайды», – деді министр.

Бұған дейін Новороссийскідегі КҚК терминалы арқылы қазақстандық мұнайды тасымалдауға қатысқан кемелер бірнеше рет дрон шабуылдарының нысанасына айналған. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі бұл әрекеттерді ел мүддесіне қол сұғу деп бағалап, Киевке екіжақты қарым-қатынасқа кері әсер ететінін ескерткен болатын. Украина тарапы бұл ескертулерді назарға алғанын мәлімдеген.

Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков КҚК инфрақұрылымына жасалған шабуылдарды Ресейге ғана емес, Қазақстан мен АҚШ-қа да бағытталған әрекет ретінде қарастыру керектігін айтқан. Сондай-ақ ол мұндай шабуылдарды «энергетикалық терроризм» деп атаған.

Бұған дейін Ресей Сыртқы істер министрлігі халықаралық қауымдастықты Украинаға ықпал етіп, Қара және Азов теңіздеріндегі жүк кемелеріне жасалатын шабуылдарды тоқтатуға шақырған еді. Ресей президенті Владимир Путин Қара теңіздегі танкерлерге жасалған шабуылдарға жауап ретінде Украинаны теңізге шығу мүмкіндігінен толық айыруы ықтимал екенін мәлімдеген.

17 қыркүйекте AFP агенттігі Анкараның Мәскеу мен Киевке Қара теңіздегі кемелерге шабуылдарды тоқтатуға бағытталған ұсыныс жолдағанын хабарлаған. Бір аптадан кейін Кремль Түркияның мұндай бастама көтергенін растағанымен, бұл мәселе бойынша нақты келіссөздер жүріп жатпағанын мәлімдеді.

댓글
기타 기사