74 жастағы әнші – 120 ән, 50 жастағы әнші 132 ән шырқап, рекорд жаңартты

234
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/x91hOPiibf5LW334LPRGnq6N84NB5jSh2dxCLKcd.jpg

 Орал қаласында Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның 60 жылдығына орай тарихи жоба ұйымдастырылды. Іс-шара аясында дәстүрлі ән орындаудағы жаһандық рекордтық көрсеткішті жаңарту мақсаты көзделген, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Филармония директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бауыржан Халиолланың бастамасымен қолға алынған шараның алғашқы қатысушысы – «Парасат» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі ән өнерінің көрнекті өкілі 74 жастағы әнші Хатимолла Бердіғалиев болды.

29 қыркүйекте өнер иесі жеті сағатқа жуық уақыт бойы тоқтаусыз ән шырқап, қазақтың дәстүрлі ән қорынан 120 шығарманы орындады. Бұл көрсеткіш арнайы комиссияның қатысуымен тіркелді.

Рекордтық нәтижені бағалаған комиссия құрамында Азия және Африка елдері бойынша GBR Global Best Records әлемдік рекордтар кітабының бас тіркеуші офицері Қуандық Құдайберген, фольклортанушы ғалым Берік Жүсіпов, өнертанушы профессор Кенжеғали Мыржықбай, ақын Ғалым Жайлыбай және айтыскер ақын, композитор Жәкен Омаров болды. Жобаның бас сарапшысы қызметін Бауыржан Халиолла атқарды.

Айтулы шараға еліміздің әр өңірінен дәстүрлі ән, жыр-терме және айтыс өнерінің белгілі өкілдері арнайы қатысып, қолдау көрсетті. Олардың қатарында Қапаш Құлыш, Қайрат Қабышев, Бақыт Шағырбаев, Аманқос Садықов, Бекарыс Шойбеков, Саян Ақмолда, Амангелді Күзеубай, Ерболат Шалдыбеков, Нияз Мұхтар және Армат Ислямғалиев бар. Осынау өнер қайраткерлерінің ішінде Қайрат Қабышев тұңғыш рет тоқтаусыз 100-ден астам ән шырқауға болатынын көрсетіп, биыл маусым айында аталмыш рекордтар кітабына алғаш рет енген болатын. Қайрат тоқтаусыз, үзіліссіз 102 ән шырқаған.  

Кеш соңында GBR Global Best Records ұйымының өкілі Қуандық Құдайберген Хатимолла Бердіғалиевке «Ең жасы үлкен дәстүрлі ән орындаушы» аталымы бойынша әлемдік рекорд сертификаты мен арнайы статуэтканы табыстады. Сондай-ақ оған арнайы дайындалған медаль тағылып, рекордты растайтын құжат тапсырылды.

Ал 30 қыркүйекте Мәдениет саласының үздігі, «Құрмет» орденінің иегері Қайрат Кәкімов бір деммен 132 ән орындап, рекорд орнатты. Іс-шара соңында Азия мен Африка елдері бойынша GBR Global Best Records әлемдік рекордтар кітабының бас тіркеуші офицері Қуандық Құдайберген арнайы дайындалған күміс төсбелгі, сертификат және төсбелгі құжатын өнерпазға табыс етті.

Сондай-ақ ұлттық өнерді насихаттауға қосқан үлестері үшін  Хатимолла Бердіғалиев пен Қайрат Кәкімовке автокөлік сыйға тартылды.

댓글
기타 기사