Өзбекстанда 3 ел бірлескен әскери жаттығу өткізді. Арасында НАТО мүшесі бар

99
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/NDzOfZr4u2JxmlqNtpSYbRrLskNFlKYZFQaXSBtg.webp

Әзербайжан, Түркия және Өзбекстан арнайы мақсаттағы күштерінің қатысуымен «Мәңгілік бауырластық – V» халықаралық бірлескен оқу-жаттығуы өтті, деп хабарлайды "Адырна".

Әзербайжан қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Өзбекстанда өткен жаттығудың негізгі мақсаты — өңірдегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту, сондай-ақ үш елдің әскери ынтымақтастығын дамыту.

Оқу-жаттығу барысында арнайы бөлімшелер арасында тәжірибе алмасуға және бірлескен операцияларды жоспарлау мен өткізу кезіндегі іс-қимыл үйлесімділігін арттыруға басымдық берілді.

Әскери қызметшілер таулы және елді мекендердегі ұрыс жағдайында әрекет ету, шартты қарсыластың тылына ену, барлау-іздестіру жұмыстарын жүргізу, маңызды нысандарды басып алу және терроризмге қарсы операциялар кезінде кепілдегілерді босату міндеттерін орындады. Сондай-ақ стратегиялық нысандарды күзету бойынша жаттығулар өткізілді.

Жауынгерлер күндіз және түнде түрлі калибрлі атыс қаруларынан, мергендік винтовкалардан және арнайы құралдардан оқ ату жаттығуларын орындады.

Жаттығудың қорытынды кезеңін Әзербайжан арнайы мақсаттағы күштерінің қолбасшысы, генерал-майор Алекпер Джахангиров пен оқу-жаттығу басшылығы бақылады. Іс-шара соңында тапсырмаларды орындау кезінде ерекшеленген әскери қызметшілер марапатталды.

Айта кетейік, 21 қыркүйек пен 1 қазан арасында Әзербайжанда Түркия мен Өзбекстанның әскери қосындары қатысқан «Бірлік күші – 2026» бірлескен әскери оқу-жаттығуы да өткізілген. Түркия - НАТО ұйымының мүшесі. 

 

댓글
기타 기사