Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінде «Алаш арыстарының ізбасары» атты дөңгелек үстел өтті

316
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/gGHkTGJXLA9YC6Y3iKA2zKpc3pYtTCIZlwJMZ1tg.jpg

Осы жылдың 15-қазаны күні Ахмет Байтұрсынұлының тағылым мектебінде көрнекті ғалым, жазушы, драматург, абайтанушы Қайым Мұхамедханұлының туғанына 110 жыл толуына арналған тағылымды дөңгелек үстел өтті.

Жиынды рухани іс-шараның үйлестірушісі А.Байтұрсынұлы музей-үйі жетекшісі, белгілі ахметтанушы, филология ғылымдарының кандидаты Райхан Сахыбекқызы құттықтау сөзбен ашты.

Жиынға ғалымның қызы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Дина Қайымқызы Мұхамедхан, қайымтанушы зиялы қауым өкілдері мен Ахмет Байтұрсынұлы «Тіл – құрал» оқу-әдістемелік, ғылыми-зерттеу орталығынан тағылымдамадан өтуші Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филология факультетінің 2-курс магистранттары, музей-үйдің қызметкерлері қатысты.

Басқосу барысында Қайым Мұхамедханұлының өнегелі өмір жолы, Алаш мұрасын сақтаудағы ерен еңбегі мен ғылыми мұрасы кеңінен сөз болды. 

Ісшара аясында ел назарына «Шежіре сурет сыр шертер» атты тарихи фотокөрме Алматы қаласы музейлер бірлестігі тарапынан Қор сақтау бөліміндегі жинақталған қордан ұсынылды. 

Көрмеге қойылған Қайым Мұхамедхановтың 60 жасына сыйға берілген домбырасы мен әр жылдар оқиғасын қамтыған сарғайған фотолар жұртшылық назарын бірден баурады.
Жиынға қатысушылар мен «Ахметтану» оқу орталығынан зерттеу практикадан өтуші магистранттар тарихи фотокөрмені тамашалап, құнды естеліктерге қанықты.

Жиынның мақсаты: Алаш аманатына адалдық пен ұлт руханиятына қалтқысыз қызмет еткен Қайым Мұхамедхановтың ұрпаққа қалдырған өлмес мұрасы мен тағылымды өнегесін насихаттау бағытында өрбіді.

​​Дөңгелек үстел ұлттық ғылымның абызы, Алаш арыстарының адал ізбасары Қайым Мұхамедхановтың рухына тағзым еткен, ұрпақтар сабақтастығын айшықтаған тағылымы мол рухани шара болды. 

Жиын соңында қатысушылар естелік суретке түсіп, әр тарап бір-бірлеріне кітап сыйлады.

Еңлік Қосанава, Алматы қаласы Музейлер бірлестігі, Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің экскурсоводы

댓글
기타 기사