Президент Жолдауы аясында ШҚО-да инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары күшейтілді

154
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/E7Fh1ZGInTEHd0Zynz2xqFrn6zuSILz8NLEUrpW1.jpg

Шығыс Қазақстан облысында құрылыс саласының қарқыны артып, ел көлемінде айқындалған міндеттер нақты жобалар мен іс-шаралар жоспарына ұласып жатыр. Өңірде тұрғын үй салу, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, әлеуметтік нысандар тұрғызу бағыттарындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Сонымен қатар, бірегей медициналық және ірі спорт нысандарын салу жөніндегі жобалар да жүзеге асырылып келеді. Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген міндеттерді іске асыруға кіріскен өңір алдағы кезеңнің құрылыс жоспарын қазірден пысықтауда.

Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінде өңірлік актив отырысы өтті. Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың төрағалығымен өткен жиында басқарма басшылары, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының өкілдері және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығының сарапшылары, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері бас қосып, инфрақұрылымды жаңғырту, әлеуметтік саланы дамыту және халықтың өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы міндеттерді талқылады.

Жиында сөз сөйлеген аймақ басшысы алдағы өзгерістерге қажетті негізді бүгіннен бастап қалыптастырудың маңызын атап өтті.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылды Халықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялау бастамасының маңызы ерекше. Сонымен қатар, биыл да біздің өңір үшін құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілген кезең болды. Қазіргі уақытта облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен тұрғындарымыздың өмір сүру сапасын арттыруда маңызды рөл атқаратын бірқатар ірі, өңір үшін елеулі нысандардың құрылысын аяқтап, пайдалануға беріп жатырмыз.

Енді келесі жылдың негізгі басымдықтарын айқындап, ауқымды құрылыс жылы облыс үшін нақты нәтижелерге, жаңа нысандардың пайдалануға берілуіне және инфрақұрылымның сапалы өзгеруіне жол ашуы тиіс. Сондықтан алдағы кезеңге арналған міндеттерді, басым бағыттар мен нақты қадамдарды қазірден айқындау маңызды», – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Құрылыс саласының биылғы көрсеткіштері мен алдағы жоспарлары туралы облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Руфат Акрамов баяндады. Оның айтуынша, өңірде құрылыс қарқыны жоғары. 2026 жылы 408,4 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Қазірдің өзінде жалпы ауданы 961 мың шаршы метрден асатын тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде.

Тұрғын үй құрылысымен қатар инженерлік инфрақұрылымды дамытуға да басымдық берілген. Жалпы құны 102 млрд теңгені құрайтын инженерлік желілерді тарту бойынша 25 жоба жүзеге асырылуда. Нәтижесінде 85 көпқабатты тұрғын үй мен жеке тұрғын үй құрылысына арналған 2,6 мыңнан астам жер учаскесін қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету көзделген.

Әсіресе, денсаулық сақтау және әлеуметтік саладағы жобаларға айрықша назар аударылып отыр. 

«Денсаулық сақтау саласындағы 2026 жылдың негізгі нәтижелерінің бірі – Қазақстанда бірегей әрі жалғыз болып саналатын Гематология орталығы құрылысының аяқталуы», – деп атап өтті Руфат Акрамов.
Бұдан бөлек, жыл соңына дейін Өскеменде Онкология орталығының жаңартылған хирургиялық корпусын пайдалануға беру жоспарланған. Жобаның құны – 3,5 млрд теңге. Сондай-ақ, Ана мен бала орталығы базасында құны 6,5 млрд теңге болатын жаңа перзентхана ашылады. Өңірде 300 орынға арналған, жалпы құны 59,9 млрд теңгені құрайтын көпбейінді аурухананың құрылысы да жалғасып жатыр.

Алдағы кезеңге арналған құрылыс жоспарында әлеуметтік маңызы жоғары 25 жоба бар. Білім беру саласында Қасым Қайсенов кентінде, Прапорщиково ауылында, Зайсан қаласы мен Өскеменде төрт мектептің құрылысы басталуға дайын. Тағы жеті мектеп пен Риддер маңындағы қала сыртындағы балалар лагерінің жобалары әзірленіп жатыр.

Спорт пен мәдениет саласында да ауқымды жоспарлар бар. Облыс орталығында Волейбол орталығының құрылысы жүріп жатыр, Үстел теннисі академиясының құрылысы басталды. Бұдан бөлек, жабық футбол стадионын, 10 мың орындық Мұз аренасын және 1 500 адамға арналған Конгресс-холл салу көзделген.

Риддер қаласындағы спорттық инфрақұрылым да жаңа нысандармен толықпақ. Мұнда шаңғы-роллер трассасын салу, «Сокол» стадионын жаңарту, жабық хоккей модулін орнату және шаңғы трамплиндерін дамыту жоспарланған.

Осылайша, Шығыс Қазақстан облысында алдағы Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылына дайындық тұрғын үй көлемін арттырумен ғана шектелмейді. Инженерлік желілерді дамыту, медициналық көмектің қолжетімділігін жақсарту, білім беру, спорт және мәдениет нысандарын көбейту арқылы өңірдің инфрақұрылымын кешенді жаңғыртуға басымдық беріліп отыр.

댓글
기타 기사