Жапаров газ жүйесін «Газпромнан» тартып аларын ескертті

341
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/cvwtU8PEedbR88MZQsoOJFx1O2cd56zlCcUHijmZ.jpg

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров ресейлік «Газпром» компаниясы газдандыру жөніндегі міндеттемелерін орындамаған жағдайда елдің газ жүйесін мемлекеттік бақылауға қайтаруға дайын екенін мәлімдеді. Бұл туралы ол 3 қарашада Талас облысының Айтматов және Манас аудандарының тұрғындарымен кездесу барысында айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі

Мемлекет басшысының сөзінше, 2013 жылы Қырғызстанның газ жүйесі «Газпром» компаниясына символикалық түрде 1 долларға сатылған.

«Қазір газ жүйесінің иесі – «Газпром». Менің білуімше, 2039 жылға дейін 1 долларға сатылған. 2013 жыл естеріңізде ме? Сол кезде: «Бізге «Қырғызгаз» керек емес, бізге газ қажет» деп компанияны сатты. Сондықтан ел аумағындағы газға қатысты мәселелерді тек солармен бірлесіп шеше аламыз», – деді президент.

Сонымен қатар ол ресейлік тарап активтерді сатып алу кезінде бүкіл республиканы газдандыруға қаржы бөлуге міндеттеме алғанын еске салды.

«Келісімде «Газпром» бүкіл елді газдандыруға қаражат бөлуі тиіс екені көрсетілген. Алайда бұл міндеттемелер әлі күнге дейін орындалған жоқ. Мен бұл мәселені екі-үш жылдан бері көтеріп келемін. «Газпромға»: «Егер міндеттемелеріңді орындамасаңдар, «Құмтөр» сияқты кері қайтарамын да, жұмысты өзім жүргіземін», – деп айтып жүрмін», – деді Садыр Жапаров.

Президент газ инфрақұрылымы ресми түрде мемлекет бақылауына қайтарылмайынша, елді мекендерге газ құбырларының қашан тартылатыны жөнінде нақты уәде бере алмайтынын атап өтті.

Биыл қазан айында Қырғызстан Жогорку Кенешінің отырысында Бішкек қаласының мэрі Айбек Джунушалиев астанадағы жаңа тұрғын аудандарды газдандыру жұмыстарының созылып кеткенін айтып, «Газпромға» қойылатын талаптарды күшейту қажеттігін көтерген болатын.

Парламент спикері Марлен Маматалиев компания басшылығымен келіссөз жүргізгенін және тұрғын алаптарды газдандыру жұмыстарының қашан басталатынын сұрағанын жеткізді.

«Маған ашық түрде қолданыстағы қуаттың жеткіліксіз екенін, Ресейден жаңа газ құбыры тартылғанша күту керектігін айтты. Бұл тек 2028 жылы ғана мүмкін болады», – деді ол.

Сондай-ақ спикер бұған дейін Қырғызстан ауаның ластануымен күресу үшін 50 миллион доллар несие алғанын еске салды. Оның айтуынша, осы қаражаттың бір бөлігін құбыр сатып алуға бағыттап, «Газпромға» биыл кемінде 5-6 тұрғын алапты газдандыруға мүмкіндік жасауға болар еді.

«Газпром Қырғызстан» компаниясының өкілі Арзымат Алдаяров елдегі газдандыру жұмыстарының уақытша тоқтатылғанын растады. Ол мұның екі негізгі себебін атады. Бірінші себебі – көршілес мемлекеттің аумағы арқылы өтетін жалғыз магистральдық газ құбырының өткізу мүмкіндігі өткен жылыту маусымында жобалық қуатының 115 пайызына дейін жүктелген.Ал екіншісі – «Газпром Қырғызстан» инвестициялық қаражатын Бішкекті толық газдандыру үшін қажет деп саналатын «Маловодная» газ тарату станциясын қайта жаңғыртуға бағыттаған.

댓글
기타 기사