Қазақстан Моңғолияға жанармай жеткізуді арттырды

150
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/9ToIBlXmU4HLxCVzrUiih3hdnyzKswwGQhCEKVxd.jpg

Моңғолияда жанармай тұтыну көлемінің артуына байланысты импорт көздері кеңейтілді. Енді ел Ресеймен қатар Қазақстан, Қытай және Оңтүстік Кореядан да Еуро-5 стандартына сай жанармай сатып алып жатыр. Бұл туралы Mongolnow агенттігі жазды, деп хабарлайды “Адырна”.

Моңғолия Өнеркәсіп және минералдық ресурстар министрінің орынбасары Б.Мунхтамирдің айтуынша, Ресейден жанармай тұрақты жеткізіліп отырғанымен, ішкі сұраныс жылдан-жылға өсіп келеді. Осыған байланысты шілде айында 47 мың тонна, тамызда 67 мың тонна, қыркүйекте 64 мың тонна, қазанда 57 мың тонна жанармай импортталған. Ал қараша айында 70 мың тонна жеткізу жоспарланып отыр.

Министр орынбасарының мәліметінше, қалыпты кезеңде елде айына шамамен 70 мың тонна автомобиль бензині тұтынылады. Жаз мезгілінде бұл көрсеткіш 100 мың тоннаға дейін жетеді.

Соңғы төрт жылда Моңғолияда мұнай өнімдерін жылдық тұтыну көлемі 1,7 миллион тоннадан 3,1 миллион тоннаға дейін өскен. Бұған экономикалық белсенділіктің артуы, өндіріс пен жүк тасымалы көлемінің ұлғаюы, сондай-ақ автокөлік импорты мен оны пайдалану деңгейінің өсуі әсер еткен.

Сонымен қатар елде жанармай жеткізуге қатысты логистикалық қиындықтар да бар. Министр орынбасары теміржол цистерналарының кешігуіне жазғы дизель отынын қысқы түріне ауыстыру кезіндегі техникалық қиындықтар мен жанармай сақтайтын қоймалардың сыйымдылығы шектеулі болуы себеп екенін атап өтті.

Айта кетейік, АИ-92, Еуро-92, АИ-95 және АИ-98 маркалы бензин Моңғолияға Сүхэ-Батор теміржол станциясы арқылы жеткізіледі. Одан кейін басқа станцияларға жөнелтіліп, тұтынушыларға таратылады.

댓글
기타 기사