Британиялық спортшы соғыстың экологиялық зардабына назар аударту үшін Ормұз бұғазын жүзіп өтті

324
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/blmazsFR3wOSYG0cLl2UlA5tYtyWQHVdWJZP1wZQ.webp
Фото: Льюис Пью қоры

Британиялық марафоншы-жүзуші Льюис Пью Иранмен арадағы соғыстың экологияға тигізген зардабына назар аударту мақсатында Ормұз бұғазы арқылы үш күндік жүзу сапарын аяқтады. Бұл туралы The Independent басылымы жазды, деп хабарлайды "Адырна".

Жүзуші жалпы ұзындығы шамамен 15 шақырым болатын қашықтықты бірнеше кезеңге бөліп жүзіп өткен. Бағыт Оман жағалауындағы Мусандам түбегінен Ормұз мүйісіне дейін созылған.

56 жастағы Льюис Пьюдің айтуынша, дүйсенбі күні жүзуді бастағаннан кейін жарты сағат өтпей-ақ екі қатты жарылыстың дауысын естіген. Сол сәтте өзінен шамамен 4 шақырым қашықтықта снаряд мұнай танкеріне тиген. Кейін ол Tara Gas газ тасымалдаушы кемесінің өртеніп жатқанын көрген.

«Осы газ тасымалдаушы кеменің жанынан жүзіп өткен сәтімді ешқашан ұмытпаймын. Алдымен химиялық заттардың иісі сезілді, содан кейін жалын аспанға отты шарлар секілді көтерілді. Кеменің айналасындағы су да жанып жатты», – деді спортшы.

Пью қақтығыстың экологиялық зардабы гуманитарлық шығындардың көлеңкесінде қалып қоятынын атап өтті.

«Соғыс адамзатқа орасан зор қайғы-қасірет әкеледі. Адамдар қаза табады, отбасылар ойран болады, үйлер, ауруханалар мен мектептер қирайды. Алайда назардан тыс қалып жатқан тағы бір құрбан бар. Ол – табиғаттың өзі», – деп жазды ол өзінің сайтында.

Ормуз бұғазы әлемдік мұнай тасымалы үшін маңызды теңіз жолы ғана емес, сонымен қатар ерекше табиғи аймақтардың бірі саналады. Льюис Пью бұл өңірді өзі көрген ең әдемі жерлердің бірі деп сипаттады. Мұнда маржан рифтері, мангр ормандары, дюгоньдер, теңіз тасбақалары мен кит акулалары мекендейді.

Спортшының ескертуінше, мұнайдың төгілуі мен химиялық заттардан болатын ластану осы экожүйелерге ұзақ мерзімді зиян келтіруі мүмкін. Оның салдары ондаған жыл бойы сезілуі ықтимал.

Льюис Пью тараптарды әскери әрекеттерді тоқтатуға, Ормұз бұғазын ашуға және ластанған суларды тазартуға шақырды.

댓글
기타 기사